Сағат 15.00-дегі жағдай бойынша Костенко шахтасынан 42 адамның денесі табылды, төрт кеншіні іздеу жалғасып жатыр. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Аварияны жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы — төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсті. Өрт және кеншілердің қаза болған жерлерді тексеру жүргізілді.
Аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіріп жатыр. Ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталып жатыр. Іздестіру жұмыстары шамамен бір-бірінен 4 километр қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізіліп жатыр. Тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Газ жағдайын бақылау жалғасып жатыр. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды, — делінген хабарламада.
Шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және жеті бірлік жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды.
Бұдан басқа, ТЖМ және Қарағанды облысының ТЖД-да республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.
Еске салайық, 28 қазанда Астана уақытымен сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
Үкіметке кеншілердің отбасыларына көмек беруді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.
Шахтадағы өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты.