Ханчжоудағы IV Азия пара ойындарында қазақстандық спортшылар жарысты 11-орынмен аяқтады. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.
Еліміздің атынан соңғы болып жарыс жолына 107 келіден жоғары салмақ дәрежесінде пауэрлифтер Ғани Исентемиров шықты. Ол жарыс қорытындысы бойынша алты спортшының арасынан алтыншы орынды иеленді.
Бұл додада қазақстандық параспортшылар барлығы 41 медаль жеңіп алды: сегіз алтын, 12 күміс және 21 қола. Ел намысын 14 спорт түрінен 131 спортшы қорғады. Осылайша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепті 11-орынмен аяқтады.
Медальдық есепте жарыс қожайыны Қытай құрамасы жеңімпаз атанды. Олардың қоржынында – 521 медаль (214 алтын, 167 күміс және 140 қола). Одан кейін 131 медальмен (44-46-41) Иран құрамасы екінші орынға жайғасты. Ал Жапония 150 медальмен (42-49-59) үздік үштіктен көрінді.