Басты бетЖаңалықтарКостенко шахтасында...

Костенко шахтасында 32 адам қаза болғаны анықталды

Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтадағы апаттан қаза болғандар саны туралы жаңартылған деректерді жариялады.

Сағат 16.00-дегі жағдай бойынша Костенко атындағы шахтада қаза болған 32 адамның мәйіті табылды, 14 кеншіні іздеу жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қарағанды ​​облысындағы шахталар жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, осы уақыт ішінде газдан қорғау бойынша тексерістер жүргізіледі.

Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағандыда (ТЖД 8-7212-51-72-23, АрселорМиттал Теміртау 8-7212-49-72-70) және Астанада (8-7172-70-41-08) «жедел желі» телефондары жұмыс істейді.

Еске салайық, 28 қазанда Астана уақытымен сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына көмек беруді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

Шахтадағы өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты.