Қаржылық мониторинг агенттігі Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшылығының қазандықтарды күрделі жөндеуге бөлінген ақшаны жымқырғанын анықтады.
Қазіргі кезде алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшылары тергеуге алынды. Олар алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқырған. Осылайша мемлекетке аса ірі көлемде — 4,1 миллиард теңгеге залал келтіргені үшіп айыпталып отыр.
Тергеу материалдары бойынша, жөндеу жұмыстарына арналған қаражат жүйелі түрде ұрланған. Соның салдарынан ЖЭО жабдықтары тозып, жылу энергиясын беру жүйесі бірнеше рет істен шықты.
2018-2022 жылдар аралығында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызмет көрсету, қазандықтарға, жылу желілеріне және турбогенераторларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорындармен жалған келісімшарттар жасап, уәкілетті органға жалған есептер ұсынған, — делінген хабарламада.
Тергеу барысында Риддердегі жылу энергиясын өндіру станциясын мемлекет меншігіне беруден келген шығын өтелді. Оның көлемі шамамен 5,5 миллиард теңге.