Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Сингапурда робототехникадан өткен халықаралық байқауда жеңіске жетті. Осылай, Қазақстан робототехникадан екі мәрте әлем чемпионы болды. Baribar.kz жас өнертапқыштармен танысып, жарыстың қалай өткенін және олардың жасаған жобасы туралы сөйлесіп қайтты.
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғары класс оқушылары — Иманәлі Көксал, Дәмелі Шаймерденова, Сергей Гапонов, Нұрислам Тұрғынбай, Нұрсұлтан Жанұзақов робототехника бойынша Сингапурда өткен First Global Challenge деген дүниежүзілік байқауға қатысып, гран-при иеленді. Оларды сайысқа мұғалімі Бекзат Іңкәров дайындады. Ментордың айтуынша, жарысқа 191 елден барған жас өнертапқыштар қатысты.
Әуелі Астанада өткен республикалық байқауға қатыстық. Оған біздің мектебіміздің төрт командасы барды. Оның үшеуі бірінші орын алды, біреуі — осы команда бас жүлдені жеңіп, халықаралық жарысқа жолдама алды, — дейді Бекзат Іңкәров.
First Global Challenge — Бірінші комитеттің халықаралық қауымдастығы жыл сайын ұйымдастыратын олимпиада үлгісіндегі робототехника жарысы. Бұл сайыстың форматы қызық. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыға алдын ала бірдей екі қорап бөліктер жинағын береді. Өнертапқыштар жарыс болатын күнге дейін сол бөліктерден робот жасап, дайын технологияны апаруға тиіс.
Робототехникаға қойылатын белгілі талаптар да бар: роботтың ұзындығы 50 сантиметр, ені 50 сантиметр болуы керек. Оған қоса ол үлкен алаңда шашылып жатқан үлкен, кіші доптарды жинауы және сұрыптауы қажет. Кімнің роботы көп ұпай жинаса, сол ұтады. Былтыр Швейцарияда, биыл Сингапурда өткен бұл байқауда Қазақстан құрамасының технологиясы үздік болған.
Былтыр бұл байқауға басқа команда барды, бірақ олар да — біздің мектептің оқушылары, — дейді ментор.
Үлкен доптар — оттек, кішкентай доптар — сутек. Алаңда 144 кішкентай сутек, 72 үлкен оттек бар. Робот сол доптарды жылдам жинап, сұрыптап, үлкен доптарды электралазер деген бір бұрышқа, кішкентай доптарды контейнерге салуы керек. Соңғы 30-секундта робот алаңның қақ ортасына барып, турникке тартылуы керек, — дейді Иманәлі Көксал.
Қазақстан оқушыларының жасаған роботы ойын шартын ең бірінші болып орындаған. Олардың айтуынша, робот ауданы 49 метр болатын алаңда шашылып жатқан доптарды екі минутта жинап шыққан.
Республикалық байқауда роботымыздың бірнеше қатесін байқадық. Сингапурға бармас бұрын оның бәрін түзедік. Кейін оны тәжірибе жүзінде қолданып көрдік. Осылай, бар ұсақ-түйек қатесін түзеп, мінсіз етіп апаруға тырыстық. Соның арқасында да озық болған шығар, — дейді олар.
Өнертапқыштар роботты небәрі екі аптада жасап шыққан. Роботтың салмағы — 14 келі. Ол алюминиден және пластиктен жасалған. Робот джойстик арқылы басқарылады. Команда капитаны Нұрислам мен Нұрсұлтан роботты құрастырған, Дәмелі роботтың 3D моделін жасаған. Иманәлі Нұрсұлтанмен бірге құрылғыны жүргізген, Сергей бағдарламасына жауап берген. Байқағаныңыздай, команданың әр мүшесінің жауапты жұмысы бар.
Балалар әр класта оқиды. Сергей Гапоновтың айтуынша, былтыр олар бірге FTS World деген жарысқа қатысқан. Сол кезде команда болып жақсы жұмыс істей алатынын түсініпті.
Әркімнің жауап беретін ісі бар. Оған қоса командада тек технология жасай білу қабілеті емес, коммуникация да маңызды. Бесеуіміз бір-бірімізді жақсы танимыз әрі жақсы тіл табысып кеттік, — дейді Сергей Гапонов.
Бұл оқушылардың алғашқы және соңғы өнертабысы емес. Олар 7-8-кластан бастап робототехника үйірмесіне қатысып, осы бағыттағы білімін жетілдіріп жүр. Бұған дейін талай сайысты көрген. Болашақта First Tech Challenge деген жарысқа қатысуды жоспарлап отыр. Оған қоса бөлек жобалары да бар. Болашақта осы саладағы мамандықты таңдайды.
Қазақстанның, оның ішінде Алматының экологиясы — өзекті мәселе. Әсіресе, ауа ластанған. Осы мәселені шешуге көмектесетін жоба жасамақпын. Бірақ оның қандай болатыны әзірге құпия, — дейді Иманәлі Көксал.
Айта кетері, Қазақстан First Global Challenge халықаралық байқауына 2017 жылдан бері қатысып келеді.
Бұл байқаудың мақсаты — балаларды робототехникаға, инженерияға, бағдарламалауға қызықтыру. Ойын ретінде болғандықтан, мұнда теория аз, практика көп. Балалар өз қолымен жасап, бағдарламалап көреді. Осылай, технология жасау процесін түсіне бастайды, — дейді Бекзат Іңкәров.
Дегенмен Бекзат осындай жас өнертапқыштарға мемлекеттен қолдау аз екенін айтады. Балалардың байқауға қатысуы үшін төлеуі керек қомақты жарнасын Astana hub пен Ustem Foundation берген. Ал балалар мен ментордың жолақасын, визасын ата-анасы төлепті.
Өкінішке қарай, мемлекет бізді бірде-бір рет қаржылай қолдаған жоқ. Мемлекетке, елдегі ауқымды түрлі компанияға сауал жолдап, көмек сұраймыз. Бірінен жауап өте кеш келеді, енді бірінен жылдық бюджетте бұған ақша қарастырылмағанын, бөле алмайтынын жазып жібереді. Былтыр гран-при иегері болған балаларға да ештеңе берілмеді. Ал биылғы қатысушыларды президент құттықтау үшін кездесуге шақырды. Тек әуе рейсіміз кешігіп, президенттің қабылдауына үлгермей қалдық. Балалардың әрқайсына құлаққап берді. Оған да рақмет. Дегенмен жетекшісі — маған ештеңе берілмеді, — дейді ментор.
Бекзат Іңкәровтің айтуына қарағанда, робототехника саласы жылдан-жылға дамып келе жатыр. Қаладағы көп мектепте робототехникаға арналған лабораториялар ашылған, қажет құрылғылар да бар. Бірақ бір кемшілігі — маман тапшы.
Бізде лабораторияға арнайы маманды емес, мұғалімді отырғызып қояды. Ол мұғалім түске дейін сабақ береді, түстен кейін құжаттарын толтырып, реттеуі керек. Сөйтіп лабораториядағы жұмысына көп көңіл бөле алмайды. Ол аздай, оған ақша да төлемейді. Меніңше, бөлек маман болуы қажет. Мысалы, менің қызметім — лабораторияға жетекшілік ету. Мен ондағы барлық құрылғыны жақсы біліп, қолдана алуым керек. Балаларға үйретуім керек, жарыстарға дайындауым қажет. Бұл бағытқа көп көңіл бөлінгендіктен, нәтижеге де жетіп жатырмыз. Кейін робот жасауды, бағдарламалауды жақсы үйренген балалар да бір-біріне үйрете бастайды, — дейді ол.
Оның айтуынша, елде бұл салаға өз үлесін қосып жүрген азаматтар жоқ емес. Дегенмен ол ІТ-компаниялар және мемлекет робототехникаға әлі де көбірек назар аударуы қажет екенін айтады. Себебі бұл бағыт елдің экономикасын едәуір дамытады.
АҚШ сияқты дамыған елдер сонау 70-жылдардан бастап робототехникаға жіті көңіл бөлген. Әзербайжан кейінгі үш жылда назар аударып, жақсы нәтижеге жетіп жатыр. Еліміздегі робототехника саласын білім және ғылым министрлігі, қорғаныс министрлігі, үлкен ІТ-фирмалар қолдауы керек деп есептеймін. Білім министрлігі бағдарлама енгізсе, қаржы бөлсе, көп нәтиже болады. Қорғаныс министрлігі қазір қолдаса, болашақта мықты-мықты әскери қауіпсіздік құрылғыларына ие болады. ІТ-фирмалар оқушыларды қазір қолдаса, болашаққа білікті әрі кәсіби мамандарды дайындап шығады. Ал бұл өздерінің жұмысы үшін де пайдалы, — дейді ментор.
Оған қоса робототехника елдегі көптеген өзекті мәселені де шеше алады деп ойлайды.
Мысалы, қазір елімізде зауыт, ондағы инженерия дамымаған. Кез келген зауыттағы құрылғыларды жасайтын, оны бағдарламалайтын, оны басқаратын, қолданатын маман аз. Жапонияда шетелден оқып келген білікті студенттерді, өзекті мәселені шешуі үшін дұрыс жерге, лауазымға отырғызады, мүмкіндік береді. Бізде қалай? «Болашақ» бағдарламасымен оқып келеді, бірақ жұмыс жоқ. Содан қайтадан шетелге кетіп жатады. Былайша айтқанда, біздің мамандар оқып, тәжірибе жинап, алмаз тасқа айналып келеді. Бірақ оны жүзікке қоюдың орнына жай ғана жерге тастап жатамыз. Сөйтіп опық жеп жатамыз. Одан да осы салаға көбірек көңіл бөлінгені дұрыс, — дейді Бекзат Іңкәров.
***
Тағы оқыңыз:
Vision Assistant — зағип жандарға бағыт беретін электрон білезік