Басты бетЖаңалықтарҚайрат Боранбаев...

Қайрат Боранбаев түрмеден шығатын болды

2023 жылы 20 қазанда Ақмола облысы Зеренді аудандық соты Қайрат Боранбаевтың жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырды. Сот шешімі бойынша ол пробациялық бақылауда болады. Бұл туралы облыстық сот хабарлады.

Жазаны ауыстыру кезінде сот мына жағдайларды ескерді:

  • сотталған адам жаза мерзімінің 1/3 бөлігін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеді;
  • мемлекетке келтіріген залалды толығымен өтеп, тергеуге көмектесті және ісіне өкінеді;
  • қамауда ұстау кезінде оған оң сипаттама берілді.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қайрат Боранбаев 2022 жылғы наурызда қамауға алынды. Ол квазимемлекеттік сектордан аса ірі мөлшерде қаражат жымқырды деген күдікке ілінген.

2023 жылғы 31 наурызда  Қайрат Боранбаевқа қатысты үкім шығып, ол сегіз жылға сотталды.

2023 жылғы 16 қыркүйекте апелляциялық сот кәсіпкерге алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұған дейін қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекет меншігіне қайтару шараларын жүргізіп жатқанын хабарлады. Мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 миллиард теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сонымен қатар сауықтыру және фитнес желісі өткен.

Қайрат Боранбаев – ірі кәсіпкер, Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald’s жылдам тамақтану желісінің және тағы басқа ірі компаниялардың иесі.