Алматыда лаңкестікке қарсы жаттығу өтіп жатыр

Бүгін Алматының Түрксіб ауданында орналасқан №8 қалалық клиникалық аурухана аумағында 6.00-ден 14.00-ге дейін лаңкестікке қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өтіп жатыр.

Алматының лаңкестікке қарсы күрес бойынша жедел штабының мәліметінше, оқу-жаттығудың мақсаты – адамдар көп жиналатын жерлерде лаңкестік сипаттағы қауіп-қатер туындаған жағдайда өзара іс-қимыл жасау дағдыларын пысықтау. Жаттығу міндеттері лаңкестік актісінің жолын кесу механизмін жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар оқу-жаттығу кезеңінде шектеу шаралары қарастырылған.

Осыған байланысты біз азаматтарды болып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарауға, тыныштық пен қауіпсіздік шараларын сақтауға, оқу-жаттығуларға қатысқан мемлекеттік қызметкерлердің заңды талаптарын сақтауға шақырамыз. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысушы тұлғаның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз, — делінген хабарламада.