Алматыда лаңкестікке қарсы оқу-жаттығулары өтеді

Алматы тұрғындарына лаңкестікке қарсы оқу-жаттығу өткізілетіні туралы ескерту жасалды. Бұл туралы қалалық терроризмге қарсы жедел штабы хабарлады.

Оқу-жаттығу 14 сәуірде Розыбакиев, 247 «А» мекенжайындағы «Мега Алма-Ата» сауда орталығында өтеді.

Жаттығулар барысында адам көп шоғырланатын жерлерде лаңкестік сипаттағы қауіп төнген кезде өзара әрекеттесу дағдыларын пысықтайды.

Жаттығу кезінде шектеулер қарастырылады. Осыған байланысты біз азаматтарды болып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және оқу-жаттығуға қатысқан мемлекеттік қызметкерлердің заңды талаптарын сақтауға шақырамыз, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар алматылықтарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысушы тұлғаның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертілді.