Алматы қаласының әкімдігі 2014 жылы Калифорния штатының сотына қаланың бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа қатысты арыз қалдырған болатын. Арызда Храпуновтың ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес пен жемқорлықпен күреске қатысты заңбұзушылықтары жайлы, сондай-ақ, Алматы қаласы тұрғындарының мүдделеріне және пайдасына қызмет ету жөніндегі міндеттерді бұзу, біреудің мүлігін заңсыз иеленіп алу мен сол мақсаттарда алдын ала келісім бойынша қылмыс жасауы сияқты заңбұзушылықтарды көрсеткен.
Алайда кейін бұл мәлімдемені Калифорния штатының аймақтық соты қараудан бас тартқан еді. Содан Алматы әкімдігі мен ҚР Әділет министрлігіндегілер Калифорния штатының апелляциялық сотына наразылық білдіріп, өтініш қалдырды. Осылайша екінші инстанциялы сот Қазақстан Республикасының бұл өтінішін қанағаттандырып, Аймақтық соттың шешімін өзгертті.
«Қазақстан Республикасы АҚШ-тың сотын өз позициясының дұрыс екендігіне көз жеткізе білді. Аталған шешім жемқорлықпен күрес саласындағы үздіксіз жұмыстың нәтижесі болып табылады. Енді Алматы қаласының Храпуновтарға қарсы шағымы Калифорния сотында қарастырылатын болады.», — деді ҚР Әділет министрлігіндегілер.
Еске салайық, Виктор Храпунов пен оның әйелі Ләйлә Храпуноваға қатысты Қазақстанда 24 қылмыстық іс қозғалып, қызмет бабын асыра пайдаланды, алаяқтық жолмен бюджет қаржысын жымқырды, заңсыз жекешелендіру жүргізді, заңсыз кірістерді заңдастырып алды, пара алды, ұйымдасқан қылмыстық топты құрды және оларға жетекшілік етті деген айып тағылған болатын.
2008 жылғы сәуірде ол қазір отбасымен тұрып жатқан Швейцарияға қоныс аударған болатын. Ал 2012 жылы қазанда Виктор Храпуновтың әйелі — Ләйләға ірі көлемді алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеу жарияланған еді.