Басты бетЖаңалықтарАлматы тауларында...

Алматы тауларында қар көшкіні жүріп, бір адам зардап шекті

«Тұйық су» мұздығының солтүстік беткейінде шаңғышылар қар көшкінінің жүруіне себеп болды. Бұл туралы Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

15 қазан күні кешкі сағат 17.20-да 109 құтқару қызметінің құтқарушылары «Тұйық су» мұздығына аттанды. Қар көшкінінен зардап шеккен ер адам шамамен 33-35 жаста. Алдын ала мәлімет бойынша, Тұйық су мұздығының солтүстік беткейінде шаңғымен сырғанап жүргенде қар көшкіні болған, — делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 109 құтқару қызметіне оның досы хабарласқан. Олар екеуі бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Зардап шеккен адамды таудан түсіру үшін ТЖД мен «Казселденқұтқару» мекемесінен қосымша мамандар жолға шықты.