Ерекше аумақтарды өрттен сақтау, қорғау жұмыстарына 20 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу және өртті бақылайтын 102 мұнара салу жоспарланып жатыр.
Бұл туралы мәжіліс отырысында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.
Халық жиі көтеретін және үкіметке тікелей жолданған өтініштердің мәселе – экология. Аймақтар бойынша экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Бұл дегеніміз өндірісті жаңғырту, елдімекендерді газбен қамтамасыз ету, қоғамдық көліктерді газға көшіру, қалаларды көгалдандыру, талайдан бері ластанып жатқан жерлерді тазалау сияқты шараларды қамтиды, — деді премьер-министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, азаматтық қорғаныс саласында 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.
Ұлытау облысының экологиялық ахуалын зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Ауадан, топырақ пен судан сынама алынып, тексеріліп жатыр. Оған қоса аймақтың радиациялық ахуалына бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Азаматтық қорғаныс саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату көзделген. Осы мақсатқа 2027 жылға дейін 20 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу және өртті бақылайтын 102 мұнара салу жоспарланып жатыр, — деді Тамара Дүйсенова.