Жеңілдетілген микрокредит алуға 5,1 мыңнан астам өтінім түсті

2,5%-пен жеңілдетілген микрокредит алуға 5 мыңнан астам өтініш түсті. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған.

Микрокредиттің мөлшері 5 миллион теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – бес жылға (кез келген мақсатқа) немесе жеті жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-тен аспайды, — делінген хабарламада.

Микрокредит алуға ең көп өтініш Түркістан (700), Жамбыл (512), Алматы (401), Батыс Қазақстан (329) Қызылорда (317), Жетісу (318) облыстарынан түсті.

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 3 169 жоба мақұлданды, оның ішінде 2 385 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды, — делінген хабарламада.

Микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, бес жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі.