Басты бетЖаңалықтарАзия ойындарында...

Азия ойындарында Қазақстан құрамасы қоржынына тағы бір алтын түсті

Қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының жеңімпазы атанды.

39,6 шақырымды әр уақытта бастаған велошабандоздар арасында отандасымыз үздік нәтиже көрсетті. Ол аталған қашықты 48:05,75 уақыт көрсеткішімен жүріп өтті. Күміс медаль алған қытайлық спортшы Суе Миннен 2 минутқа оза шыққан. Қола медальды гонконгтық спортшы Винсент Ван Лау иеленді.

Алексей Луценко Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. Бұған дейін отандасымыз жекелей сында 2014 жылы Инчхонда, 2018 жылы Джакартада топ жарған еді.

Айта кетейік, бұл – Қазақстан құрамасы қоржынына түскен бесінші алтын медаль. Бұған дейін стенд атудан әйелдер құрамасы, 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысананы дәл көздеу сынында Зухра Ирназарова, сонымен қатар Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында, Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы 500 метрге ескек есуде алтын алған болатын.