Қасым хан туралы фильм түсірілмек

«Қазақ хандығы» телехикаясы сценарий авторларының бірі Смағұл Елубай «Жас Алаш» газетіне берген пікірінде жаңа фильм туралы айтты.

«Қазақ хандығы жобасына қатысты жаңалығымыз да бар. Осы тарихи жобаның жалғасы ретінде президент Н.Назарбаев мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына Қасым хан туралы тарихи фильм түсіруге тапсырма берді. Бізге де тапсырма беріліп, біз, сценаристер, тарихқа қайтадан кірейік деп жатырмыз. Бұл үлкен қуаныш. Қазақ хандарының ішіндегі ең мықты, айтулы хан – Қасым. Қазақтың қазіргі территориясының негізін сол Қасым хан күреспен, шайқаспен жүріп қалыптастырғаны белгілі. Сондықтан бұл жоба қызықты болады деп ойлаймын. Қалың көрерменді осы бір қуанышты хабармен құттықтап қояйын деп едім», — дейді сценарист.

Қасым хан – хандықты құрушылардың бірі Жәнібектің баласы. Оның хандық құрған тұсында қазақ жерінің шекарасы кеңейіп, мемлекеттің дамуы, өсуі қарқын алған.

Әзірге жаңа тарихи кино жобаны қандай режиссер түсіретіні белгісіз.

ДереккөзAbai.kz