«Қазақ хандығы» телехикаясы қашан көрсетіледі?

19 наурызда «31 телеарнада» ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Centaurus Rustem Abdrashev production»  ЖШС-ның қатысуымен түсірілген «Қазақ хандығы» тарихи сериалының телевизиялық көрсетілімі басталады.

Бұл ауқымды тарихи жобаның авторы — ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Фильм сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша  жазылған. Фильмнің режиссері — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашев.

«Хикаяның кино нұсқасы — «Алмас қылыш» фильмі кейбір отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. «Қазақ хандығы» сериалында фильмге кірмей қалған тартымды эпизодтар мен қызықты оқиғалар өте көп, сондықтан да бұл хикая көрермендердің көңілінен шығатынына күмәнім жоқ», — деді режиссер Рүстем Әбдірашев.

«Қазақ хандығы» тарихи хикаясының бірінші бөлімін осы жексенбіде, наурыздың 19 күні сағат 22:00-де «31 арнадан» тамашалауға болады.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы және Алматы облысында өткен. Түсірілімнің бір бөлігі «Қазақфильмнің» павильондарында құрылған декорацияларда, сонымен қатар киностудияның аумағында суретшілер тұрғызған Шайбаншаһтың сарайында өткен. Фильмді жасауға 500-ден астам адам жұмылдырылған. Түсірілім бес айға созылды.

ДереккөзInform.kz