Қазақстанда кейінгі уақытта атом электр станциясын салу мәселесі көтеріліп жатыр. Өткен айда АЭС салынуы мүмкін Алматы облысындағы Үлкен ауылында ашық талқы өтті. Онда жұрттың пікірі екіге жарылды: бірі «АЭС керек, салынсын десе», екіншісі «АЭС өте қауіпті» екенін айтады. Сонымен АЭС салынуы керек пе? Салынса, оның салдары қандай болады? Елімізде АЭС-да жұмыс істей алатын маман жете ме? Baribar.kz тілшісі бұл сұрақтарды эксперттерге қойды.

Қазақстанда АЭС салу қажет екені туралы сөз 1997 жылдан бастап айтылып жүрді. Маңғыстаудағы ескі АЭС орнына жаңа АЭС салу мәселесі бірнеше рет көтерілді де. 2006 жылы Ресей ВБЕР-300 реакторын орнатуды ұсынды. Бірақ бұл жоба жалғаспады. 2014 жылы жапондық Toshiba компаниясы AR-1,000 реакторын және француздық Areva компаниясы EPR реакторын салуды ұсынды. Алайда бұл келіссөздер де нәтиже бермеді. 2020 жылы АЭС құрылысы тағы да күн тәртібіне шықты. Бұл жолы да Ресей Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында қуаты 1,200 МВт-қа дейінгі реактор құру туралы ұсыныс түсті. Алайда бұл идеяны қос қолдап қолдайтын адамдар да, түбегейлі қарсы болғандар да бар.

Атом электр станциясы, АЭС
Атом электр станциясы. Фото: Unsplash.com

«Жақында Қазақстанда электр энергиясын өшіруге тура келуі мүмкін»

Қоғам қайраткері, АЭС бойынша эксперт, экономист Петр Своик Қазақстан тезірек АЭС құрылысына кірісуі керек дейді. Оның айтуынша, алдағы жылдары электр энергиясы өшіп қалуы да мүмкін.

Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі максимал жүктеме жыл сайын шамамен 500 МВт-қа артады. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған қондырғылардың ескіріп, тозғаны да олардың өнімділігін азайтады. Сондықтан өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін жыл сайын 500 МВт-тан бастап жаңа қуаттарды іске қосу қажет. Әйтпесе, елде электр қуатын өшіру мәселесі туындауы мүмкін. Энергетикалық стандарттар бойынша, энергетика секторында, кем дегенде, 15-20% резерв болуы керек. Бүгінгі таңда Қазақстан тапшылықты Ресейден келетін ағынмен жауып отыр, өзіміздікі елге толық жетпейді. Сондықтан оны жыл сайын, кем дегенде, 500 МВт-қа арттыру керек, 600, 700 және 800 МВт-қа арттырсақ, тіпті жақсы, — дейді ол.

Экономист энергетикалық нысандар 10-15 жыл салынатынын айтты. Сондықтан қуатты  жыл сайын, кемінде, 500 МВт-қа арттыру қажет дейді. Атом электр станциясы Балқашта немесе Курчатовта салынуы мүмкін. Кеңес заманынан бері Балқашта электр станцияын салу жоспарланған еді. Ол кезде «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік аудандық электр станциясы» деп аталды. Жобалық жұмыстар басталып та кеткен еді. Бірақ уақыт өте құрылыс тоқтап, бүгінде атом электр станциясының құрылысы туралы әңгіме басталды. Петр Своик Қазақстанның шығарындыларды азайту жөніндегі міндеттемелерін ескере отырып, атом электр станциясын салу ел үшін тиімдірек екенін айтады. Эксперт көмір станциясын салғаннан қазынаға азырақ салмақ түсер еді дейді.

Петр Своик. Фото: Ehonews.kz

Кез келген электр станциясында жыл сайын, 5-10 жыл сайын қатаң ережелер бойынша бәрі — сорғылар, вентильдер, құбырлар, қазандықтар, турбиналар, трансформаторлар жаңартылып отыруы керек. АЭС — үздіксіз өндіріс қана емес, үнемі жалғасып жататын құрылыс процесі. Сондықтан атом электр станциясын салу нұсқаларын қарастырған кезде, әуелі, барлық құрылыс сол елдің ғана экономикалық аймағында және құзырында болғаны абзал. Қазақстан құрылысқа өз жұмысшыларын жұмылдырып қана қоймай, олардың жоғары технологиялармен де қамтамасыз етуі керек. Сондықтан АЭС — күрделі құрылыс, — дейді ол.

«АЭС салуға 20 жылға мораторий жариялау керек»

Қазақстанда АЭС салу керек деген пікірді қолдайтындармен қатар мұны өте қауіпті қадам деп, қарсы шығып жатқандар да бар. «Қауіпті атом» экологиялық қозғалысының мүшелері АЭС салуға 20 жылға мораторий жариялау керек деп есептейді.

20 жылда ел экологиялық, экономикалық жағынан әлдеқайда тиімді амал таба алады. Ал қазір асығып АЭС құрылысын бастап кетсек, оның салдарымен күресуге одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Біз станция салу үшін ақшаны қарызға аламыз, оны төлеу керек. Оған қоса станцияның жұмысы үшін де шығын кетеді. Бұған қоса АЭС адам денсаулығына қалай әсер ететітінен және оның экологиялық зардаптары қандай болатынына қатысты әлі нақты зерттеу жоқ. Елдің қазіргі экологиялық ахуалына қарап-ақ, мемлекет АЭС салынғаннан кейін станцияның экологияға зардабын толық қадағаламайды деп айта аламыз. Экология арқылы экономиканы дамыту керек деген пікірді ұстанар болса, мемлекет АЭС-ның кейбір зардабын жасырып та қалуы мүмкін, — дейді қозғалыс мүшесі Ақмарал Жәкібаева.

Атом электр станциясы. Фото: Gov.kz

Кейінгі жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев елде АЭС салу мәселесі жалпыұлттық референдумға шығарылатынын айтты. Ақмарал Жәкібаева бұл шара да жақсы нәтиже бермейді деп есептейді.

Референдум халықтың шынайы көзқарасын анықтап бере алмайды. Конституцияға түзету енгізуге қатысты референдумда азаматтарға жаңсақ ақпарат таратылғаны есімізде. Бұл жолы да солай болуы мүмкін. Ел азаматтары қандай қауіп бар екенін толық түсінбестен, тек үгіт-насихаттың жетегінде кетіп, дауыс береді. Кейбір азаматтың дауысы ұрланады. Дәл қазір мемлекет АЭС құрылысын бастап кетуге дайын емес, жауапкершілік те ала алмайды. 20 жылда реформалар болып, сонда ғана мемлекетте мұндай жобаны табыстауға болатын шығар, — дейді ол.

«Қазақстан АЭС салуға алынған қарызды қанша уақытта төлейтінін болжау қиын»

Қазақстанда АЭС салуға қатысты кейінгі ұсыныстар Франция EDF компаниясынан, Қытайдың CNNC компаниясынан, Ресейдің «Росатом» және Оңтүстік Кореяның KHNP компаниясынан түсті. Ақмарал Жәкібаева осыған қатысты да пікірін айтты.

«АЭС деген жақсы, бастысы оны Ресей салмаса болды» деген пікірді естігенде, көңілім түседі. Бұл халықтың елдің экономикалық ахуалынан мүлдем бейхабар екенін білдіреді. Біздің Франция мен Оңтүстік Кореяның АЭС-ын төлеуге шамамыз жетпейді. «Талап» орталығының бірнеше жыл бұрын жарияланған дерегі бойынша, ұлттық қордағы ақша әрі кетсе бес жылдан кейін бітеді. Сондықтан АЭС салу туралы шешім шықса, құрылысты тек Ресей жүргізуі мүмкін. Ал бұл, әрине, қарызға жасалады. Қазақстан қазір қарыз алмай мұндай күрделі құрылыс жүргізе алмайды, — дейді ол.

Экономист Қуанышбек Дүйсенов құрылысқа кететін қаражаттың 80%–і қарызға алынады дейді. Ол үкімет бұл қарыздан қанша жылда құтылатынына қатысты болжам айту қиын екенін айтты.

АЭС құрылысына қатысты алғашқы сызбада станция салатын ақшаның 80%-і қарызға алынатыны, 20%-іне үкіметтің өз қаражысы кететіні жазылған. Бұған қоса сырттан инвесторларды тарту мәселесі де қарастырылып жатыр. АЭС жалпы 60 жыл жұмыс істейді. Оның 20  жылы құрылысқа кеткен қаржыны ақтауға, қалған 40 жылы инвестицияны қайтарып алуға кетеді. Алайда салынып-салынбайтыны туралы нақты шешім шықпағандықтан, нақты болжам айту да қиын. Дегенмен біздегі АЭС құрылысына өзге де елдер мүдделі болған соң, шетелдегі серіктестер де жобаға инвестиция құюдан тартынбас деп ойлаймын, — дейді ол.

Қуанышбек Дүйсенов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Экономист бір АЭС сәтті салынса, кейін елдің ең үлкен инвестициялық жобасына айналуы мүмкін екенін де айтты.

Экономикалық тұрғыда АЭС бөлінетін энергияның құны көмір энергиясынан қымбатырақ түседі. Бірақ АЭС-да ешқандай апат болмаса, жылдар өткен соң қаражат ақталады. Сонымен қатар Қазақстан АЭС-ның негізгі шикізат көзін, яғни уранды сату бойынша әлем лидері екенін ескерсек, сөйтіп өзімізден шығатын шикізатты қолданар болсақ, АЭС өндіретін энергия құны да төмен болады деп жобалауға болады. Бір станция құрылысы сәтті аяқталып, жұмыс істеп кетсе, елдің өзге аймақтарында станция салу мүмкінкіндігі пайда болады. Осылайша бұл ұзақмерзімді инвестициялық тартымды саланың біріне айналуы да мүмкін, — дейді ол.

«Үкімет халықтың «Чернобыль» фобиясымен күресуі керек»

Қуанышбек Дүйсенов АЭС құрылысында халықты экономикалық мәселеге қарағанда қаттырақ алаңдататын басқа нәрсе бар дейді.

АЭС-ны талқылағанда ел азаматтарын үрейлендіретін мәселе АЭС-ның экономикалық не экологиялылық жағы емес. Халықты оның жарты жолда қалып қоймай, салынып бітуі қатты алаңдатады. Екіншіден, үкімет құрылыс барысында сенімді серіктеспен жұмыс істей ала ма, артынан апатқа апармайтын жағдай жасай ала ма деген сенімсіздік бар. Ал энергетикалық қажеттік тұрғысынан АЭС-ның Қазақстан үшін алдағы уақытта өзектілігі тек арта береді, — дейді маман.

Чернобыль апаты
Чернобыль апаты, 1986 жыл. Фото: Studopedia.ru

Петр Своик та қазақстандықтардың АЭС-ға қатысты үрейі туралы ойын айтты. Ол көпшілік Чернобыль апаты қайталана ма деп қорқады деп есептейді.

Мұндай апаттың алдын алуға болады. Қазір салынатын АЭС жоғары технологиялар бойынша салынуы керек. Әрине, экономист ретінде табиғи апат болып-болмайтынын болжай алмаймын. Дәл осы Чернобыль фобиясымен үкімет күресуі керек. Газ қоймалары жарылып кетіп жатқан елдің үкіметі АЭС салса, халықты ондай оқиғалар қайталанбайтынына сендіруі керек. Бұдан өзге АЭС-ға қатысты қауіп жоқ деуге болады, — дейді Петр Своик.

Экология және онкология

Эколог Азаматхан Әміртай АЭС салғаннан экологиялық қауіп болмайтынына сенімді. Ол мұндай станцияның флора мен фаунаға да зияны болмайтынын айтады.

Балқашта салынуы мүмкін АЭС ең қауіпсіз  қысымды су технологиясы бойынша салынады, станцияда екі реактор болады деп жоспарланып отыр. Салыстырмалы түрде Алматыдағы ядролық физика институында 1967 жылдан бері тура осындай бір реактор тұрғанын айта аламын. Бүгінге дейін ешқандай жарылыс болған жоқ. Ал Балқаштың суына келер болсақ, станцияға көлдің суы қолданылмайды. Арнайы бөлек су тасымалдануы керек болады, себебі көлдің суы құрылысқа жарамайды. Бұған қоса атом электр станциясынан көмірқышқыл қалдығы шығарылмайды, — дейді ол.

Азаматхан Әміртай.
Азаматхан Әміртай. Фото: Adyrna.kz

Эколог қоршаған ортаны қорғау үшін, жасыл энергетикаға ауысу үшін ең тиімді амал АЭС салу екенін айтады. Ол күн, жел арқылы энергия алуға болғанымен, бұл осыншалық қуатты бола қоймайды дейді.

Шетелдік зерттеулер АЭС-ның денсаулыққа зияны туралы материалдарын жариялап жатыр. Германиядағы апатсыз атом электр станцияларынан бес шақырым радиуста тұратын бес жасқа дейінгі балалар лейкозбен 2,2 есе, қатерлі ісіктің басқа түрлерімен 1,6 есе жиі ауыратынын растайтын зерттеулер де бар.

Балалар онкологы Мөлдір Жарысбекова көп адам қоныстанған жерге АЭС салу өте қауіпті дейді. Оның айтуынша, мұндай өңірде туған баланың онкологиялық ауруға шалдығу ықтималдығы жоғары болады.

Әзірге бұл тақырып толық зерттелмеген. Бірақ атом электр станциясы бар аймақта туған бала лейкемиямен тууы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан мұның бәрі ескерілуі керек, — дейді маман.

Ал Петр Своик АЭС салу мәселесін бұдан әрі кейінге шегере бермеу керек дейді. Оның айтуынша, құрылысты қазір-ақ бастап кетуге болады.

АЭС Қазақстанда салынған күннің өзінде, онда жұмыс істейтін маманымыз бар ма деген сұрақ қойылып жүр. Меніңше, бастапқы уақытқа кадр жетеді. Алматы іргесіндегі Алатау ауылында ядролық физика институты бар. Онда, шамамен, 600 инженер мен ғалым жұмыс істейді. Ол жерде жарты ғасырдан бері атом реакторы бар. Оған қоса сонда ядролық ғылым докторларын да оқытады. Бұған қоса Абай облысындағы Курчатов қаласында ұлттық ядролық орталық бар. Ол жерде түрлі ядролық құрылым бар, жүздеген инженер жұмыс істейді. Алматыда Мәскеу физика-инженерлік институтының филиалы бар, онда да атом мамандары оқытылады. Әзірге тек АЭС операторы, электршісі деген мамандықтар оқытылмайды. Себебі әзірге сұраныс жоқ. Бірақ АЭС ашыла қалса, оларды оқытатын маман жеткілікті, — дейді эксперт.

Эксперт АЭС салу Қазақстан үшін айырылып қалуға болмайтын мүмкіндік екенін айтады. Бірақ ол іс жемқорлардың табыс көзі болмауын қадағалау керек екенін, құрылысшы компанияны асқан мұқияттылықпен таңдау керек екенін баса айтты.