Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өткізген үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері қаралды. Бұл туралы премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният республика бойынша 5617 нысан медициналық көмек көрсететінін атап өтті. Олардың ішіне медициналық пунктілер, дәрігерлік амбулаториялар, емханалар, фельдшерлік-акушерлік пунктілер және тағы басқа жатады.
Соңғы үш жылда мемлекет медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) нығайтуға бірқатар шара іске асырылды. Мәселен, амбулаториялық деңгейде қаржыландыру өсті, консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту жеті есеге, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі тоғыз есеге, МРТ қолжетімділігі алты есеге ұлғайды.
Сонымен қатар кемінде 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайтылды. Медбикелердің қабылдау функциялары кеңейтілді. Онкологиялық ауруға күдігі бар пациенттер үшін «жасыл дәліз» аясында МСАК ұйымдарында тексеруден өту жеделдетілді.
МСАК-ты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұлғайды. Егер 2019 жылы препараттар 48 ауру бойынша сатып алынған болса, 2023 жылы тізбе төрт миллион адамды қамти отырып, 126-ға дейін кеңейтілді. Балалар мен ауыл тұрғындары арасында ауруларды ерте анықтау күшейтілді,- делінген хабарламада.
Оған қоса денсаулық сақтауды цифрландыру, көлік медицинасын дамыту, білікті мамандарды даярлау және тағы басқа жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Министр биылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын, оның аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 МСАК нысанын салу, 32 көп бейінді орталық аудандық аурухананы жаңғырту және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласы үшін кемінде 1 100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов денсаулық сақтау объектілерін медициналық жабдықтар көрсеткіші 84%-ті құрайтынын айтты. Олардың жартысынан көбі тозған. Осыған орай алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін қолданыстағы нормативтерге сәйкес жабдықтау қажет.