Сурдоаудармашылар — құлағы естімейтін адамдардың әлеммен байланысуына көмектесетін алтын көпір. Ал сурдопедагог — құлағы нашар естісе де, есту ықтималдығы жоғары балаларға сөйлеуді үйрететін маман. 23 қыркүйек — Ым-ишара тілі күні. Baribar.kz тілшісі кәсіби сурдоаудармашы Дильмира Құрбанбекқызымен сөйлесіп, сурдоаудармашылық пен сурдопедагогика саласы жайлы сұрады.
Сурдоаудармашылық пен сурдопедагогика
Сурдоаудармашы құлағы естімейтін адамдарға басқа адамдармен араласуға көмектеседі. Ол адамдардың айтқанын ым-ишара тілі арқылы түсіндіріп және керісінше ым-ишара тілін дыбыстық тілге аударып, ортада алтын көпір болады. Мұндай мамандар болмаса, естімейтін адамдардың көбі аурухана, ХҚКО сияқты жерлерден қызмет алғанда қиналар еді.
Дильмира Құрбанбекова бес жылдан бері сурдоаудармашы болып істейді. Оның айтуынша, Қазақстанда әр мүгедектігі бар адамға бір аудармашы бекітіледі.
Заң бойынша, мүгедектігі бар адамға мемлекет бір сурдоаудармашыны бекітіп қояды. Ол адамға маманның жеке телефон нөмірі беріледі. Талап бойынша, сурдоаудармашы оған айына бес сағат көмектесуі керек. Мүгедектігі бар адам кез келген уақытта хабарласып, сурдоаудармашының көмегін сұрай алады. Сурдоаудармашының ақысын мемлекет төлеп отырады, сағатына — 7 216 теңге, — дейді ол.
Сурдоаудармашының жұмысы мұнымен бітпейді. Олар адамдарға қайта қалыпқа келу процесі кезінде көмектеседі. Құлағы нашар еститін адамдардың қоғамға сіңіп кетуі үшін де ым-ишара тілін оқытады.
Бұған қоса сурдоаудармашылар теле-радио хабарлардың, телефон қоңырауларының, спорт жарыстарының, семинарлар мен дәрістердің және тағы басқасының аудармасын жасайды.
Сурдоаудармашы болу үшін әуелі педагогикалық білім алу керек. Дильмира қазір Сарыағаштағы оңалту орталықтарының бірінде сурдопедогог болып та істейді.
Сурдоаудармашы ретінде құлағы мүлдем естімейтін адамдармен жұмыс істеймін. Ал сурдопедагог ретінде естіп кету ықтималы бар балаларға көмектесемін.Құлағы сал болып туған балаларға мемлекет кохлеарлық имплантты-дыбыстық күшейткішті құлағына тегін орнатып береді. Осылай, бала аз да болса, еститін болады. Бірақ мұндай балалардың сөйлеп кетуіне ұзақ уақыт керек, кейде нәтиже болмауы да мүмкін. Осы процесті жеңіл әрі жедел ететін маман — сурдопедагог, — дейді ол.
Емдеу курсы қанша уақытқа созылады?
Оның айтуынша, баланың қанша уақытта сөйлеп кететінін нақты айту қиын. Терапия кейде жылдап жалғасуы мүмкін.
Бала осынша уақытта сөйлеп кетеді деп нақтысын айта алмаймыз. Біреулердің сегіз ай терапиядан соң тілі шығып, сөйлей бастайды. Ал енді біреулері ем алуға бірнеше жыл бойы келіп жатады. Жалпы, құлағы ауыр балалардың ақпаратты қабылдауы қиындау. Тез ұмытып қалатындықтан, емнің ұзақ болғаны да — қалыпты дүние. Терапияда артикуляциялық жаттығулар, логомассаж және тағы басқа жаттығулар жасатамыз.
Дильмира осылардың ішінде ең қызық әрі күрделісі логомассаж дейді. Бұл — тілдегі жүйкені оятуға бағытталған шара.
Арнайы логомассаж темірі арқылы тілге массаж жасаймыз. Балалардың көбі басында темірден қорқып, жылап жатады. Бірақ темір тілді мүлдем ауыртпайды. Логомассаж — терапияның ең маңызды бөлімі, — дейді ол.
Дильмира сурдопедагог болғысы келетін адам әуелі мінезін дұрыстауы керек дейді. Ол құлағы нашар еститін балалармен жұмыс біршама күрделі екенін айтты.
Мұндай балалар ашушаң келеді, ақпаратты да баяу қабылдайды, ұмытшақтау болады. Сондықтан емдеу ұзақ болуы мүмкін дегенге ең әуелі маманның өзі дайын болуы керек. Бұған қоса мұндай балаларға дауыс көтеруге болмайды. Бұл балалар өтірікті бірден біліп қояды. Сондықтан сурдопедагог терапия басталмас бұрын жағымсыз эмоцияны ысырып қойып, баланы үнемі шынайы күліп қарсы ала алуы керек, — дейді ол.
Балалар неліктен құлағы мүкіс болып дүниеге келеді?
Дильмира жылдан жылға құлағына дыбыс күшейткіші қойылған балалардың саны артып барады дейді. Оның айтуынша, көп жағдайда бұл әйел жүкті кезінде күтінбегеннен болады.
Жүктілік уақытында әйел вирус жұқтырып алса, тұмауратып ауырса, антибиотиктер қабылдаса да, баланың денсаулығына қатты әсер етеді. Бала туғаннан кейінгі алғашқы айларда да жақсы күтім керек. Жаңа туған нәресте қызылшамен ауырып, қызуы көтеріліп, қатты жыласа да, құлақ пердесі жыртылып кетуі мүмкін. Сондықтан осы нәрселерге мұқият болу керек. Қызуы көтерілген баланы бірден дәрігерге апарған дұрыс. Баланы қатты жылатпаған жөн, — дейді маман.
Сурдопедагогиканы қайдан оқиды?
Сурдопедагогиканы оқу үшін мектепте биология, химия пәндерін тереңдете оқуы керек дейді. Бұдан соң жоғары оқу орнында дефектология мамандығына түсу керек.
Сурдопедагогика — дефектологияның ішіндегі салалық мамандық. Дефектология мамандығы бойынша оқитын студенттерге төртінші курста тар шеңберлі мамандық таңдау міндеттеледі. Өзім екінші курста қоғамдық орталыққа барып, өндірістік тәжірибеден өттім. Сол кезде ерекше балалармен жұмыс істеп көрдім, кейін мамандығымды да осы жолмен байланыстырғым келді, — дейді маман.
Ал сурдоаудармашылықты Дильмира уақыт өте үйренген. Оның айтуынша, қазір сурдоаударма курстарына сұраныс артып келеді.
Ым-ишарат тілін арнайы курстарға барып, тоғыз айдың ішінде меңгеріп шығуға болады. Қазір сурдоаудармашыларға сұраныс көп, кез келген мекеме меншікті сурдоаудармашы маман алғысы келеді. Сондықтан мұндай курс қазір әр қалада бар. Бағасы — шамамен, айына 60 мың теңге, — дейді ол.
Дильмираның айтуынша, жеке қызығушылығы бар адам ым-ишарат тілін дефектологияны меңгермей де оқып шыға алады. Бірақ жұмыс істеймін десеңіз, міндетті түрде дефектологтың дипломы сұралады.