Астанада «Стратегия» қоры қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйымның салдарын көрсететін зерттеу нәтижесін ұсынды. Іс жүзінде тыйым сақтамайтын болып шықты.
Бұл заң төрт жыл бұрын қабылданған. Дегенмен зерттеу нәтижесі бойынша, адамдар қоғамдық орында әлі күнге дейін емін-еркін кальян шегіп жүр, оған қоса кальянның көлеңкелі нарығы пайда болған.
Әлеуметтанушылар миллионнан астам халқы бар Шымкент және Алматыдағы бизнес өкілдері, кальян тұтынатындар, сарапшылар арасында сауалнама жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, Шымкентте бұл тыйымды ешкім сақтамайтын болып шықты. қалада кальян шегуге болатын мекеме көп, онда адамдар 100% емін-еркін отырып, шеге алады. Ал Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындарының 53,3%-інде кальян бар, яғни барлық жерде еркін тапсырыс беруге болады. Бұл тыйым іс жүзінде сақталмайды деген сөз.
Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың айтуынша, кальян темекісінің шамамен 80%-і акциз төлемінсіз Қазақстанда әкелінеді. Бұл мәселені мемлекет реттемегендіктен кәсіпкерлер оңай әкеліп, сатып отыр. Бұл оған деген сұраныстың артуына да әсерін береді. Зерттеушілер бұл тыйым ЕАЭО шеңберіндегі өркениетті реттеудің орнына әртүрлі сыбайлас жемқорлық жобасын қалыптастыратын үлкен көлеңкелі нарықты тудырғанын айтады.
Сауалнамаға қатысқан нарық өкілдерінің айтуынша, кальянға тыйым салуға қатысты заң іс жүзінде келемежге айналды. Мейрамханалар мен барларда кальян емін-еркін сатылып жатыр. Осы тұста заңның құқықтық қолдану практикасы туралы мәселе бар екені байқалады. Нарықты кәсіби түрде реттеу, акциздер енгізу, мекемелерді чекте кальянды көрсетуге және осы қызмет түрі үшін салық төлеуге міндеттеу, оған қоса 21 жасқа толмаған адамдарға кальян қызметтерін ұсынуға жол бермеуді реттеу әлдеқайда тиімді болар емес пе еді?!
Кафе мен мейрамхана индустриясының сауалнамаға қатысқан өкілдерінің бірі темекінің барлығы акцизделіп, ресми түрде әкелінетінін және темекі нарығындағы контрабанданың үлесі өте аз екенін атап өтті. Мамандар дәл осы әдісті кальян, вейптерге де қатысты қолдануды ұсынып отыр.
Тыйымның толықтай тиімсіз екенін сауалнамаға қатысқан әр сарапшы растап отыр.
Қазақстан ЕАЭО-ның бірыңғай экономикалық кеңістігіне кіреді, ал біздің көршілерімізде, кальян темекілері мен қоспаларының ірі өндірушілерінде бұл бизнес өркендеп қана қоймай, регламенттеліп жатыр, демек импортты ешкім шектемейді. Бұл ретте қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйымды бақылау әрекеттері істемейді, – деп атап өтті зерттеу жетекшісі, «Стратегия» ҚҚ басшысы Гүлмира Илеуова.
Осылайша, зерттеушілер өздерінің негізгі тұжырымын жасады. Олар тыйымның еш пайдасы жоқ екенін мәлімдеп отыр. Сауалнамаға қатысқанның басым бөлігі – 62,5%–і Қазақстандағы денсаулық туралы кодекске сәйкес, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынғанынан мүлдем хабарсыз болып шықты. Сонымен қатар кальян қоғам, оның ішінде жастар арасында кең тараған мәдениеттің бөлігіне айналды. Қазақстандағы кальян мәдениеті тыйымдарға қарамастан белсенді дамып келеді, яғни ұсынысты одан әрі дамытуға ынталандырады. Сонымен қатар «қазақстандық кальян шеберлері әлемдегі ең үздіктердің қатарында деп есептеледі».
Зерттеудің негізгі қорытындысы – бақылаушы органдар тыйым салу әрекетін жүзеге асыра алмады. Бұған құбылыстың жаппай таралуы (кафелер мен мейрамханаларда кальяндар емін-еркін ұсынылады), сыбайлас жемқорлық пен ШОБ субъектілерін тексеруге қолданыстағы мораторий ықпал етіп отыр. Сонымен қатар салынатын айыппұл аз және мекеме иелеріне аса қиын емес.
Қорытындыласақ, зерттеу авторлары Қазақстанда кейінгі жылдары тыйым салу заңдары жиі қабылданып жатқанын атап өтті. Мысалы, самокаттарға тыйым (ең кейінгілерінен), қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым, ал енді кезекте вейптерге тыйым салу. Бірақ қабылданған құқықтық актілер бойынша, тиісті реттеу мен бақылау немесе оң нәтиже болмаса, осы шаралардың мәні неде? Нәтиже бір ғана: ойластырылмаған тыйымдар сыбайлас жемқорлық схемаларының пайда болуына әкеледі.