Басты бетЖаңалықтарКелесі жылы Черногорияда Қазақстан консулдығы ашылады

Келесі жылы Черногорияда Қазақстан консулдығы ашылады

Мемлекет басшысы Черногория президенті Яков Милатовичпен келіссөз жүргізді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Подгорица қаласында Қазақстанның консулдығын ашу жоспары туралы айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Екі ел арасы жақындай түсті. Себебі азаматтарымыз Астанадан Подгорицаға тікелей әуе рейсімен ұшады. Жыл сайын 40 мыңнан астам адам визасыз режимді пайдаланады. Қазақстан азаматтары Черногорияға еңбек демалысын өткізу үшін ұшып барады. Әрине, бұл елдеріміз арасындағы гуманитарлық байланыс пен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді. Подгорицада өз консулдығымызды ашуды жоспарлап отырмыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Яков Милатович екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Черногория президенті жан-жақты байланысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.

Президент мырза, сізбен кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз білетіндей, біз Қазақстан мен Черногория арасындағы достықты өте жоғары бағалаймыз. Осы кездесуге менімен бірге еліміздің премьер-министрі де келді. Ол Черногорияны қазақстандық туристер үшін тартымды етуге ерекше қызығушылық танытады, — деді Яков Милатович.

Президенттер халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді және тараптардың БҰҰ аясындағы өзара ықпалдастығын талқылады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бір-бірін өз елдеріне ресми сапармен келуге шақырды.