Қазақстандықтар егістік кешенін ойлап тапты

Бұл зауыт 2016 жылдың шілдесінде ашылған. Кәсіпорын ауылшаруашылық және коммуналдық техника шығарады. Мұнда әйгілі «К-700» сериялы трактор негізінде «К-704-4Р» моделі жобаланып, құрастырылды. Зауытта жыл басынан бері «К-704-4Р» және «Батыр» маркілі 7 трактор шығарылған.

«Өткен жылдың желтоқсан айында «Степанның» сынақ үлгісін жасап шығардық. Көптеген егістік кешендерінің түрлерін сараптадық. Техника өзіміздің ұжымның күшімен жобаланды. Бұл кешеннің жұмыс принципінің ерекшелігі – топырақтағы ылғалдың булануына жол бермей, сақталып қалуына бағытталған. Біз Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып, мұндай көпфункциялы техника шығаруды қолға алдық», – дейді «Петропавл трактор зауыты» ЖШС-нің директоры Сергей Шинкоренко.

Қазір кәсіпорында «Степан» егістік кешендері шығарылып жатыр. Ауылшаруашылық техникасы тәулігіне 170 гектар алқапты өңдей алады. Көпфункциялы егістік кешені бір өткенде жерді өңдеп, тұқым себеді, топырақты малалап, арамшөптерді қиып түседі. Қызмет ету мерзімі 15-20 жылға шақталған техника 19 млн теңгеге бағаланыпты. Мамандардың айтуынша, оның шетелдік баламасы 30 пайызға қымбат.

 

ДереккөзBaq.kz