Алматының жылу энергетикалық кешені мен инженерлік желілері қыс мезгіліне 95% дайын. Барлық жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр.
Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Жоспар бойынша, Алматыдағы қала шаруашылығының алдағы күзгі-қысқы кезеңге толық дайындығы биыл 1 қазанына дейін қамтамасыз етіледі.
Биылғы жылуаралық кезеңінде Алматыда 17,7 км жылумен жабдықтау, 120 км электрмен жабдықтау, 43 км сумен жабдықтау, 29 км газбен жабдықтау желілері қайта жаңартылып, жөнделіп жатыр.
Дайындық жұмыстары «Алматы электр станциялары» АҚ объектілерінде де жүргізілуде (ЖЭО-1, ЖЭО-2, Каскад ГЭС, Батыс жылу кешені): жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін энергетикалық генерациялайтын жабдыққа (56 бірлік) жөндеу жүргізіліп жатыр.
Қаладағы жылу энергетикалық кешеннің жылыту кезеңіне дайындығы аяқталып қалды. Бұл ретте жылу желілерінің дайындығы 91%, сумен жабдықтау – 100%, электр желілерінің дайындығы — 99%, — дейді Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев.