Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға байланысты соталды тергеу жалғасып жатыр.
Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу шеңберінде жалпы құны 90 миллиард теңгеден асатын активтерді, оның ішінде: мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақүй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданған.
Сонымен қатар Қайрат Боранбаев білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңге аударды. Осы объектілердің барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілетіні хабарланды, ал ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылады.
Айта кетейік, Қайрат Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру бойынша 14,5 миллиард теңге көлемінде материалдық шығынды өтеген еді.
Еске салайық, бұған дейін прокурор Қайрат Боранбаевты сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Кейінірек сот прокурордың сұранысын қанағаттандырып, кәсіпкер сегіз жылға сотталды.