Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы туралы мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан 5 қыркүйекке дейінгі кезеңде 19 түрлі тауардың бағасы орта есеппен 3,4%-ке өскен. Соның ішінде қырыққабат 68,7%, күріш 34,6%, сәбіз 34,2%, айран 11,9%, сүт 11,1%, сары май 10,3%, ірімшік 7,3%, пияз 7,2%, сиыр еті 7%, макарон 6,8%, картоп 4,9%, тұз 3,3%, нан 2,2%-ке қымбаттаған.
Министрліктің мәліметінше, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саналатын алты түрлі тауардың бағасы керісінше түскен. Олар: тауық еті (-1,8%), жұмыртқа (-4,3%), ұн (-6,7%), қант (-10,3%), күнбағыс майы (-14,5%), қарақұмық (-35%).
Биыл қырыққабат бағасы әсіресе Жезқазғанда (7,8%) қатты өскен. Ал күріш бағасы Астанада (7,2%) артқан.
Министрлік мамандары күріш бағасының кейінгі бес жылда қандай динамикамен өскеніне талдау жүргізді. Қазір бір келі күріштің бағасы 467 теңге. Бұл жыл басынан бері баға 34,6%-ке, бір аптада 1,1%-ке өсті деген сөз. Ал 2022 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда күріш 51,1%-ке қымбаттаған. Күріш бағасы ең қымбат өңірлер: Ақтөбе облысы (564 теңге), Ұлытау облысы (555 теңге), Алматы облысы (536 теңге), — делінген хабарламада.