Қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар 86 миллиард теңгені игермеген. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, сегіз айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,6%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,3%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,3%-ке орындалды.
Республикалық бюджет бойынша сомасы 14,5 триллион теңгеге шығыстар жүргізілді. 107 миллиард теңге атқарылмады, оның ішінде үнемделгені – 21 миллиард теңге. Игерілмегені – 86 миллиард теңге, — деді Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысында.
Төтенше жағдайлар, экология және табиғи ресурстар, туризм және спорт, сонымен қатар ішкі істер министрліктерінде едәуір ірі сомалар игерілмеген.
Оның негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерін дер кезінде өткізбеу; шот-фактуралармен атқарылған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау және тағы басқалары.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 7,7 триллион теңге болды. Атқарылмағаны — 131 миллиард теңге, — деді вице-премьер.
Сонымен қатар биыл өңірлерге 2 триллион теңгеге жуық нысаналы трансферт көзделген. Оларға 1 қыркүйекке 990 миллиард теңге бөлінген. Оның 96,8%-і игерілді. Атқарылмағаны – 32 миллиард теңге, оның ішінде 1 миллиард теңге – үнемдеу, 31 миллиард теңге игерілмеген.
Ең көп қаржы Астана қаласы, Атырау, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында игерілмеген.