Қазақстанда жылдық инфляция алты ай қатарынан төмендеп жатыр. Қазір жылдық инфляция – 13,1%.
Бұл туралы ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Алты ай ішінде жылдық инфляция төмендеп жатыр. Оның қазіргі деңгейі – 13,1%. Жылдық инфляциядағы азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын компоненттің үлесі азайып, ақылы қызметтер инфляциясының үлесі ұлғайып жатыр, — деді Тимур Сүлейменов үкімет отырысында.
Оның айтуынша, жылдық инфляцияның төмендеуіне қарамастан, айлық инфляция шілдедегі 0,6%-тен 0,7%-ке дейін жеделдеген. Айлық инфляцияның өсу қарқыны орташа мәндерден жоғары қалыптасып келеді.
Сонымен қатар жыл басынан бері азық-түлік инфляциясы баяулай түсті. Тамақ өнімін өндірушілердің және ауыл шаруашылығындағы бағаның төмендеуіне байланысты, оның деңгейі 12,4%-ке дейін баяулады.
Жеміс-жидек пен көкөніс маусымдық кезеңге байланысты арзандап жатыр, бірақ оның өсу қарқыны өткен жылдармен салыстырғанда төмен.
Азық-түлікке жатпайтын инфляция тамызда 13,5% болып, жылдық көрсеткіш баяулады. Алдыңғы айларда теңгенің нығаюына байланысты жеке пайдалануға арналған тауарлар, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек бағасының өсімі баяулап жатыр. Тамызда киім-кешек пен аяқ киім, тұрмыстық техника, автомобиль, газ бағасының айтарлықтай өсімі тіркелді, — деді Тимур Сүлейменов.
Бұдан бөлек тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің өсуіне байланысты ақылы қызметтер инфляциясы жеделдей түскен. Тарифтер тамызда 6,1%-ке, жылдық көрсеткіште – 13,9%-ке өсті.
Сонымен қатар халықтың тұрақты сұранысына байланысты реттелмейтін қызметтердің бағасы өсімін сақтап қалып отыр. Оның ішінде – қалалық автокөлікпен жол, ұялы байланыс қызметтері мен жалдау ақысы.