Басты бетЖаңалықтарАлматыда күзде...

Алматыда күзде 300 мыңға жуық көшет егіледі

Алматыда 20 қыркүйектен бастап күзгі көшет егу науқаны басталады. Алматы әкімдігінің мәліметінше, әкімдікте маусымдық көгалдандыру жұмысына дайындық мәселесі жөніндегі кеңес өтті.

Кеңесте Алматы әкімі Ерболат Досаевқа қалада биыл 320 мың ағашты егу жоспарланғанын, оның 22 мыңы биыл көктемде егілгені, қалғаны 20 қыркүйектен бастап егілетіні баяндалды.

Қазіргі таңда көгалдандырушылар технология бойынша көшет отырғызғанға дейін 5-10 күн желдетілуі тиіс шұңқырларды қазып, топырақты дайындауға кірісті. Күзгі ағаш егу науқаны қаланың барлық ауданын қамтиды. Атап айтқанда, Медеу ауданында 22 мың, Жетісу ауданында 16 мың, Түрксіб ауданында 28 мың, Наурызбай ауданында 10 мың, Алмалы, Әуезов және Бостандық аудандарында 5 мың, Алатау ауданында 207 мың ағаш егіледі. Алатау ауданындағы ауқымды көгалдандыруға Индустриялық аймақ пен ЖЭО-2 маңындағы санитарлық-қорғаныс аймақтың аумағы, Қарасу сквері, Мөңке би көшесінің оңтүстігіндегі аумақ, сонымен бірге магистральдық көшелер мен жаңа шағын аудандардың аула аумақтары бойындағы учаскелер кіреді, — делінген хабарламада.

Бас ботаникалық бақ пен ғылыми аграрлық университет мамандарының ұсынысымен көшелердің бойына жалпақ жапырақты шегіршін, емен, үйеңкі, шаған, терек, ал саябақтар мен гүлзарларға — сәнағаш, қайың, акация, шырша және жеміс (алма, шие, алмұрт, өрік) ағаштары егіледі.