Тәбет — адам организмінің тағамды қажет ету қабілеті, тамақтану процесімен байланысты жағымды түйсік. Бұл қарны ашу деген сөз емес, жәй ғана организмнің талап етуі. Тәбет әр кезде әр түрлі, адамның эмоциясына, жай-күйіне, белгілі бір уақытқа, көңіл-күйіне, кейде жай ғана қалыпты әдетке байланысты пайда болатын құбылыс.
Кейде адамның тамаққа тәбеті соқпай жатады. Ғылым тілінде бұл құбылысты анорексия деп атайды. Тәбеттің қашуы ауа райына, адамның көңіл-күйіне байланысты болуы да мүмкін. Мысалы, көктем мезгілінде адамның организмі әлсіреп, адамды бойкүйездік басып кетуі мүмкін. Осындай жағдайда не істеу керек? Тәбеттің нашарлауынан қалай құтылуға болады?
Аздап, бірақ жиі тамақтану
Қайтсем де осы табақтағы тамақты тауысып жеуім керек деп ағзаға ауырлық жасаудың қажеті жоқ. Одан да жиі бірақ аз-аздан тамақтаныңыз. Бұл ағзаға ауыртпалық түсірмейді, алайда тәбеттің артуына көмектеседі.
Әдемі және дәмді тамақтану
Тағамның дәмі ғана емес, сәнделуі де адамның тәбетін аша түседі. Сондықтан, өзіңізге ұнайтын тағам түрлеріне сәл фантазия қосып, қиялдап көріңіз. Бұл әдіс тек балаларға ғана емес. ересектерге де ерекше әсер сыйлайды. Мысалы, макароннан жасалған торт немесе жеміс-жидектен жасалған кірпі сізге жақсы көңіл-күймен қатар құнарлы тамақтану бере алады.
Сұйықтықты көп ішіңіз
Дені сау адам күніне кем дегенде 2 литр су ішу керек. Көпшілігіміз осы ережені ескере бермейміз. Ағзадағы су тапшылығы да тәбеттің төмендеуіне себепші болуы мүмкін. Сондықтан, сұйықтықты жиі пайдаланыңыз. Мейлі, ол ауыз суы немесе тәтті сусын болсын, тәбеттің төмендемеуіне үлкен көмекші бола алады.
Дағдылы тамақтану
Кез келген әрекетті күнде қайталау арқылы ағзаны да, миды да қалыпқа келтіруге болады. Тамақтану уақытын да қатаң сақтап, күнде бір уақытта тамақтансаңыз, ағзаңыз күн сайын дағдылы уақытта тамақ қажет етеді. Дағдылы тамақтану — тәбетсіздіктің болмауына бірден бір кепіл.
Дәрумендер қабылдау
Дәрумендердің жетіспеуінен болатын тәбетсіздік те сирек кездеспейді. Әсіресе, көктем мезгілінде иммунитет төмендейді. Мұндай жағдайда дәрігермен кеңесіп дәрумендер кешенін қабылдаған жөн. Өзіңіз үшін В12 аскорбин қышқылын қабылдауға кеңес береміз.
Салауатты өмір салты
Қимыл-қозғалыс, спорт, бимен шұғылдану, таза ауада серуендеу ағзаның белсенділігін арттырады. Энергия алмасу процесі кезінде ағза жаңа күш-қуат алу үшін тағам қабылдауды жиілетеді.