Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан жерге экономикалық бағалау жүргізіп, мониториң жасайтын институт құрылды. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті үкімет қаулысына қол қойды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің «Жерлерге зерттеп — қарау жұмыстарын жүргізу жөніндегі мемлекеттік институт» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылсын. Кәсіпорынның міндеті – жерді экономикалық бағалау, оған мониториң жүргізу, топырақты зерттеу, геоботаникалық, агрохимиялық зерттеулерді және топырақты бағалауды жүргізуді қамтитын жерлердің сапасын есепке алу, — делінген Әлихан Смайылов қол қойған үкімет қаулысында.
Сонымен қатар тиісті қаулы бойынша ауыл шаруашылығы министрлігіне тікелей бағынатын мына құрылымдар енді жер ресурстарын басқару комитетіне берілді:
— Республикалық агрохимия қызметінің ғылыми-әдістемелік орталығы;
— Аймақтық гидрогеологиялық-мелиорациялық орталығы;
— Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиорациялық экспедициясы;
— Қызылорда гидрогеологиялық-мелиорациялық экспедициясы.
Қаулы қол қойылған күннен, яғни 6 қыркүйектен бастап күшіне енді.