Елімізде су мәселесімен айналысатын жаңа министрлік құрылады

Қазақстанда су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Бұл туралы президент ел халқына жолдауында мәлімдеді.

Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады, — деді президент парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Оның айтуынша, су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет.

Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс, — деді президент.

Мемлекет басшысы су үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екенін айтып өтті. Оның айтуынша, онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Ал талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.

Сонымен қатар министрліктің аясында ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейді. Сонымен қатар еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады, — деді мемлекет басшысы.