Бүгін, 1 қыркүйек — Білім күні. Еліміздегі мектептерде алғашқы қоңырау соғылды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, биыл елімізде 382 мың бала 1-класқа барды. Оның 70%-ке жуығы қазақ тілінде оқиды. Бүгін олардың бірі мектептегі алғашқы күнін тағатсыздана күтіп мәз-мейрам болса, енді бірінің қатты толқитыны анық. Baribar.kz тілшілері Алматыдағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектепке барып, ондағы мерекелік іс-шараны тамашалап, 1-класс оқушыларының көңіл-күйін біліп қайтты.

Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектептің алғашқы қоңырауға арналған салтанатты іс-шарасы басталды. Оқушылар мен мұғалімдер сүйікті оқу орнына қайта жиналды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жиналғандардың қатарында бұл оқу ордасының табалдырығын енді аттаған 1-класс оқушылары да бар. Мектептің басқа оқушылары қол ұстасқан, шырттай киінген кішкентайларды қошеметпен қарсы алды. Кейін балалар саптың алдына тұра қалды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

1-класқа келген оқушылардың бірі — алты жасар Сафа мен Мәруа. Сафа мен Мәруа — егіздер. Екеуі бұл күнді асыға күткен екен. Мектепке жаңадан сатып алған алғашқы әдемі формасын киіп келіпті. Мәруаның ақ бантигі де, өзі де жайнап тұр. Егіздер оқуды енді бастаса да, болашаққа жоспар құрып үлгеріпті. Сафа мектепті жақсы оқып, өскенде математик болғысы келетінін айтты. Қазірдің өзінде бақандай 20-ға дейін санай алады. Ал Мәруа ақ халатты абзал жан — дәрігер боламын дейді.

Сафа мен Мәруа атасы Серік Өскенбаймен бірге Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сафа мен Мәруаның отбасы үшін олардың мектепке басқан алғашқы қадамы ерекше сәт екені бірден байқалады. Өйткені бүгін олармен бірге ата-анасы, ата-әжесі еріп келіпті. Серік Өскенбай немерелері үшін қуанышты екенін айтады.

Мұқағали Мақатаев атындағы мектеп — қаламыздағы бетке ұстар оқу орнының бірі. Қазақы мектеп екен. Екі немереме қазақы тәрбие берсе екен деп, осында оқытуды жөн көрдік. Екеуінің басқан қадамы құтты болсын. Мектеп директорына, мектеп ұжымына табыс тілеймін. Шәкірттерінің тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуына тілектеспін, — дейді Серік Өскенбай.

Серік Өскенбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тағы бір 1-класс оқушысы — Әлнара. «42 әріптің жартысын білемін, қалғанын мектепте апайыммен бірге үйренемін» дейді.

Апайым ағамды оқытқан. Апайымды да, мектепті де жақсы көремін, — дейді Әлнара.

Әлнара. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мерекелік іс-шарада ең әуелі мемлекеттік рәміз — ту шығарылды, әнұран шырқалды. Әнұранды 1-кластың балалары елден ерекше орындады. Бәрі мәтінін жаттап алыпты. Қолын жүрек тұсына қойып, дауыстап айтып жатты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кейін мектеп директоры Сәния Өскенбайқызы сөз сөйлеп, оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Директордың айтуынша, биылғы оқу жылын 2 782 оқушымен бірге бастап отыр. 1-класқа 354 бала келген. Сөйтіп мектепте тоғыз 1-класс ашылған.

Былтыр мектебімізді 104 оқушы бітірді. Оның алтауы алтын белгі иегері атанды, төртеуі шетелге грантқа оқуға түсті. Оған қоса түлектеріміздің 63%-і мемлекеттік, ректорлық, демеушілердің грантын ұтып алып, оқып жатыр. Міне, осы бір топ қарлығаштарды ұшырып, келесі кішкентай қарлығаштарды ұямызға қондырдық. Ұстаздың міндеті де, еңбегі де сол,  оқушыларды қарсы алу мен шығарып салу, — деді мектеп директоры Сәния Өскенбайқызы.

Cәния Өскенбайқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Артынша оқушылар ән айтып, би билеп, домбыра тартты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мерекелік іс-шарада жоғары класс оқушылары ғана емес, 1-класс оқушылары да өнерін көрсетті. Мәселен, бір топ балалар мектеп жөнінде тақпағын оқыды. Тілдері сондай тәп-тәтті.

«Партаға алғаш отырдым, 

Бұдан асқан бақыт жоқ.

Оқушы болдым, мінекей,

                              Ойнауға енді уақыт жоқ», — дейді бір оқушы.

Сөзіне қарасақ, сабақ оқуға білек сыбана кіріскен сияқты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл өнердің ізін суытпай, тағы бір 1-класс оқушылары «Кел, балалар оқылық» деген әнді айтты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

1-класс оқушыларының концертті тамашалаған сәтінің өзі қызық. Бірі ересек адамдай мұқият тыңдап тұрса, енді бірі шаршағаннан жерге тізесін бүгіп, отыра қалды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Енді бір балалар өнерпаздарға қошемет көрсетіп, қол шапалақтап тұр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ақ бантик таққан мына бір тәтті қыз қайда жүргенін әлі түсінбей тұрған сияқты. Жан-жағына қарап, таныс адамын іздеп әлек.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал мына қызға концерт мүлдем қызық емес. Мектептегі алғашқы күні қиын өтіп жатқан сияқты. Бір жылап алды. Дегенмен бүгін — осы бүлдіршіндердің күні. Не істесе де, жарасады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы 1-кластарға арналған «Полиция және балалар» деген бояу дәптерін шығарыпты. Онда жол ережесі, полиция саласына қатысты қызық деректер бар. Оны аға оқытушы, полиция подполковнигі Ока Бағжан балаларға үлестіріп берсін деп, №140 мектептегі 1-класс жетекшілеріне тарту етті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Айтпақшы, 1-класс оқушыларының жетекшілері бүгінгі күнге ерекше дайындалыпты. Бәрі бірдей әдемі киініп, оқушыларына үлгі болып тұр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

11-класс пен 1-класс оқушылары бірге алғашқы қоңырауды соқты. Мерекелік іс-шара аяқталды. Мектеп директоры бірден «Ата-аналар сыртта күтіңіздер. Бүгіннен бастап балаларыңыз мектепке барады. Қазірден бастап олардың өзін жіберуге үйрене беріңіздер» деді. Сөйтіп кішкентай оқушылар класс жетекшісімен бірге мектептің ішіне кіріп кетті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мектепте 1-4-класс оқушылары асханадан тегін тамақ ішеді. Сол себепті кішкентайлар класқа кірмес бұрын асханаға қарай бет алды. Салат, езілген картоп пен тартылған ет жеп, компот ішіп, әлденіп алды. Қарын тоқ, уайым жоқ. Енді олар сабақ оқуға дап-дайын.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

1-класс оқушыларын класта тағы бір тосынсый күтіп тұрды. Класс жетекшілері әр балаға түрлі-түсті шар мен тәтті дайындап қойыпты. Оны көргеннен кейін жылап жүрген кей баланың қорқынышы лезде басылғандай. Ал балалардың көңілін аулаған мұғалім әрі қарай сабағын өтті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектептің бастауыш класс мұғалімінің бірі — Айгүл Елжасқызы. Осы күнге дейін Айгүл Елжасқызы 10 шақты 1-класты қабылдап, оқытып тәмамдатқызған. Биыл да жаңа 1-класс оқушыларының жетекшісі атанып отыр.

Мектебіміздің айналасында тұрғын үй кешені көптеп салынғандықтан, шәкірттеріміздің саны жылдан-жылға артып жатыр. Биыл менің сыныбымда 42 оқушы бар. Негізгі білім бастауышта қаланады. Бастауышта сапалы білім алған оқушы — еліміздің ертеңі. Сол себепті бүгін оларға бар білімімді беріп, келешекте оларды биік белестерден көремін деген ойдамын, — дейді 1-класс жетекшісі.

Айгүл Елжасқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Айгүл Елжасқызы 27 жыл мұғалім болып істеген. Баланың тілін тауып үйреніп қалған. Дегенмен өзінің айтуына қарағанда, мектепке әр жылы болмысы да, мінезі де әртүрлі балалар келеді екен.

Қазіргі балалар өте ерке. Әрқайсы — бір-бір үйдің көзі мен қарасы. Оған қоса көбі орысша сөйлейді. Қазақша бірде-бір сөз білмейтіндері де бар. Бірақ ата-анасы қазақша мектепке бергісі келеді. Әрине, олардың бұл шешімі қуантады. Әр баланың қазақыланғаны жақсы. Дегенмен алты-жеті жасқа дейін қазақша сөйлемеген балаға тіл үйрету, қазақша сабақ беру екі есе қиын. Десе де балалардың еркелігін баспай, тәрбие беруге, оқытуға, ата-анасының сенімін ақтауға тырысамыз, — дейді 1-класс жетекшісі Айгүл Елжасқызы.

Мектеп директоры Сәния Өскенбайқызының айтуынша, 1-кластың жетекшісі болу — қоғам, ата-ана, бала алдындағы үлкен жауапкершілік.

1-класты алған тоғыз мұғалімнің алтауы — бұрыннан істеп келе жатқан, тәжірибесі мол мұғалімдер. Тағы екеуі бастауыш кластың бір-екі буынын тәмамдатқан. Тағы екеуі — жас мұғалімдер, оның біреуі өзіміздің мектебімізді бітірген. Барлығы — білікті, білімді, кәсіби мамандар. Бастауыш класс мұғалімдерінің жұмысы оңай емес. Олардың оқушылары — бір үйдің еркесі, бір үйдің тентегі. Бүгіннің өзінде куә болып жатқан шығарсыз: біреуі жылап жатыр, біреуі «мектепке кірмеймін» деп жатыр, енді біреуі ата-анасынан ажырағысы келмей тұр. Осы балаларды мектепке үйрету — мұғалімдердің жұмысы. Сол себепті әріптестеріме сәттілік тілеймін, — дейді мектеп директоры.

Сәния Өскенбайқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz