Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын іске асыру аясында 2022 жылдың басынан бастап игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 7,8 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселен, Қарағанды облысында 1,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.
- Қостанай облысында – 738 мың гектар,
- Ақтөбе облысында – 745 мың гектар,
- Түркістан облысында – 631 мың гектар,
- Павлодар облысында – 532 мың гектар.
Республика бойынша жерді пайдаланушыларға қатысты 5,5 миллион гектар алаңды қамтитын 2 410 жоспардан тыс тексеру тіркелді. Тексеру нәтижелері бойынша 3,1 миллион гектар алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1 597 ұйғарым шығарылды, 240,9 мың гектар алаң бойынша 246 материал сот қарауында.
Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жерді пайдаланушылар 2,7 миллион гектар алқаптағы өз жерлерін игеруге кірісті.
Сонымен қатар қабылданған шешімдердің заңдылығына қатысты жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша аумағы 526,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін беру туралы жергілікті атқару органдардың 515 заңсыз шешімі анықталып, оның ішінде 135 шешімнің күші жойылды, қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.