2024 жылы ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері қандай болады?

Қаржы министрлігі «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заң жобасын ашық талқыға шығарды.

«Ашық» НҚА порталында жарияланған құжат бойынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі айлық, зейнетақы және күнкөріс шегі мына мөлшерде бекітіледі:

  • жалақының ең төмен мөлшерi – 70 000 теңге;
  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 28 215 теңге;
  • зейнетақының ең төмен мөлшерi – 57 853 теңге;
  • айлық есептiк көрсеткiш – 3 692 теңге;
  • базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 43 407 теңге болып белгiленсiн.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшерлерін 9,0%-ке көтеру ескеріле отырып көзделген деп белгіленсін. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлеуге жататын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мемлекет жарналарының мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінен 1,9% болып белгiленсiн, — делінген құжатта.

Сонымен қатар әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің мамандарына тұрғын үй мен коммуналдық қызметтеріне ақы төлеу үшін өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында бекітіледі.

Заң жобасы 4 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.