«Қазақстан» шахтасында қаза болған үшінші жұмысшының денесі табылды

«Қазақстан» шахтасындағы өрттен зардап шеккен үшінші кеншінің денесі табылды. Бұл туралы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қаза болған кеншілердің отбасына жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Көмекке мыналар кіреді:

  • жерлеуге байланысты шығындарды жабу;
  • қаза болған жұмысшылардың он жылдық жалақысы мөлшерінде отбасына біржолғы төлем;
  • 18 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы сақтандыру төлемі (бала студент болса, 23 жасқа дейін);
  • 23 жасқа толмаған балалардың алғашқы күндізгі оқу нысанындағы оқуына және оған байланысты барлық шығыстарға ақы төлеу, тұрғын үй сатып алу немесе ол үшін біржолғы өтемақы;
  • қолданыстағы тұрғын үйді жөндеуге ақы төлеу;
  • ипотекалық төлемдердің белгілі бір бөлігін жабу;
  • серіктестік кәсіпорындарында әйелдер мен балаларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;
  • әйелдер мен балаларға арналған санаторийлер мен лагерьлерге жыл сайын жолдама беру.

Еске салайық, 17 тамызда сағат 10.05-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында өрт шықты. Барлығы шахтада 227 адам болған. Оның 222-сі жер бетіне шығарылса, бесеуі жер астында қалды.

Кейінірек бір марқұмның – компания қызметкері, 1965 жылы туған Виталий Слюнковтың мәйіті табылды. AMT тағы төрт кеншіні іздеу жалғасып жатқанын хабарлады.

18 тамыз күні сағат 8.15-те шахталарды зерттеу кезінде тағы бір марқұмның денесі табылды. Тағы үш адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.