Зоосаябақ — елімізде сирек кездесетін немесе мүлдем кездеспейтін жабайы аңдарды көруге мүмкіндік беретін ерекше жер. Алайда жануарларды көру бөлек те, оларды күнделікті бағып-қағу мүлдем басқа. Baribar.kz тілшілері Алматы зообағына барып, онда жануарлар қалай тіршілік етіп жатқанын көріп қайтты.

Алматы зоосаябағындағы жануарлар саны — 3 838. Зообақта жануарлардың 361 түрі бар. Оларды 223 қызметкер күтіп-бағады, зообақтың басқа да жұмысымен айналысады.

маймыл, зообақ
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ең әуелі маймылдар мекен ететін бөлімге бардық. Мұндағы маймылдардың жайын приматтар бөлімінің меңгерушісі Шолпан Әбдібекова айтып берді. Шолпан Әбдібекова зообақта 24 жылдан бері істейді. Ол маймылдарға баласындай қарап, қамқор болады. Ал маймылдар оны енесі деп біліп, бауыр басып, басқа адамды қабылдамайды екен. 

Шолпан ханым маймылдарды «жаным менің, кішкентайым» деп айналып-толғанып жүр.

Зообақтағы маймылдарымыз өте ерке, таңнан кешке дейін еркелетсең де, мейлі. Әсершіл, тез ашуланады. Сезімін, эмоциясын еш жасырмайды. Қуанса да, ашуланса да, қатты шулап, зоосаябақты басына көтереді, — дейді Шолпан Әбдібекова.

Олардың эмоциясын көзінен де байқауға болады. Ашулы маймылдың көзі бадырайып, адамға ала көзбен атып қарайды.

Зообақта 44 маймыл бар, олар жеті түрге бөлінеді. Кейбір маймыл шетелден әкелінсе, кейбірі зоосаябақта туып, қолда өскен. Оларды жеті адам күтіп-бағады. Қызметкерлердің жұмысы сағат 8.00-де басталып, 17:00-де бітеді.

Ең бірінші келген қызметкер маймылдарға тамақ салатын ыдыстарды жуады. Содан соң тамақ дайындау бөліміне барып, керек қоректі алады. Оның ішінде жеміс-жидек, көкөніс және тағы басқасы бар. Оларды өз бөліміне әкеліп, турап, таңғы асты дайындап қояды.

Шолпан Абдибекова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Маймылдардың рационына сәбіз, түсті орамжапырақ, қияр, қызанақ, асжапырақ, банан, алма және тағы басқасы кіреді. Зообақ қызметкерлері жануарлар тұратын торды «тұрақ» дейді. Әлгі таңғы ас салынған ыдыстар әр тұраққа бөлінеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Маймылдардың рационы әртүрлі болуы үшін кейде оларға йогурт беріледі. Маймылдар балмұздақ та жейді. Келушілердің қолынан балмұздақ көрсе, соған қызығады да, қызметкерлерге соны көрсетіп, ымдап, сұрайды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса маймылдар адамдар сияқты тосап жағылған нан мен жұмыртқа да жейді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бәрін дайындап болғаннан кейін сағат 10.00-де қызметкерлер қоректі тұрақтарға тасып, маймылдарға таңғы ас береді.

Шолпан Абдибекова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Маймылдар тәулігіне алты уақыт қоректенеді. Сағат 10.00-де жеміс-жидек пен көкөніс, ботқа жейді. 12.00-де пісірілген картоп, 13.00-де тағы ботқа, 14.00-де жеміс-жидек пен көкөніс, 16.00-ден кейін алма, банан сияқты жеміс-жидек жейді. Ал жұмыс күннің соңында жаңғақ жейді. Бұлардың арасында шай, йогурт, піспенан (печенье), ірімшік, сары май, бал беріледі.

Тұрақтарды күнде жуамыз. Жуып-тазалап жатқан тұрақты маймылдар босатады. Бір тұрақта тұратын маймылдардың бірнеше торы болады. Екі тұрақты бөліп тұратын тордың астыңғы жағында кішкентай шымылдық бар. Сол ашылғанда, маймылдар бос тұрған тұраққа ауысады, — деді зообақ қызметкері.

Зоосаябақтың қызметкерлері жануарлардың күн сайын мінез-құлқы туралы күнделік толтырады. Бұл әрбір маймылдың көңіл-күйін, жағдайын бақылау үшін керек.

Зоосаябақта екі шимпанзе бар — Паша және Лола. Екеуі жұп. Паша 12 жаста, ал Лола 21 жаста.

Шолпан Әбдібекова екі шимпанзеге ботқаны кезек-кезек уыстап беріп жатыр. Шолпан ханым шипанзелердің тұрағына жақындағанда, екеуі айғайлап, бір орында байыз таппай, қуанғанын көрсетті. Шимпанзе тек бір адамға бауыр баса алады екен. Паша мен Лолаға ең жақын адам — Шолпан ханым. Олар жақын адамына еркелеп, кейде бетінен, ернінен сүйіп алады.

Шолпан Абдибекова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Шолпан Абдибекова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ботқаны жеп болған соң шимпанзелерге бөтелкемен шай беріледі. Олар бөтелкені адам сияқты қолына алып, ауызбен немесе қолмен ашып, ішеді. Бұл фотода Паша шайды бір ұрттап алып, демалып отыр.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бірақ Пашаның жанына Лола жетіп келіп, Пашаның шайын алып кетті. Сөйтсек, өзінің шайын тауысып қойған екен. Не де болса, Пашаның шайын тартып алуды жөн көріпті. Паша «жігітке» тән мәрттігін көрсетіп, үндемей, орнында отыра берді. Бұл — Лоланың Пашаға деген қу еркелігі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz 

Бірақ Паша Лоламен таныса салып жұп болып кетпеген, еркелігін көтермеген. Мұндай дәрежеге жету үшін қызмкеткерлер шимпанзелердің қарым-қатынасын бақылап, біртіндеп жақындастырған.

Пашаның бес жыл бірге тұрған Томирис деген жұбы болған, бірақ ол екі жыл бұрын өлді. Сосын Пашаға Ресейден жаңа жұп әкелдік. Өйткені шимпанзелерге жалғыз тұруға болмайды. Көп уақыт жалғыз өмір сүрген шимпанзе құсадан өледі. Жаңа әкелген ұрғашыны бірден Пашамен таныстырып, тұраққа кіргізбедік. Лола әуелі екі ай карантинде жатты. Одан кейін бір ай Пашаның тұрағына кіргіздік, екеуінің арасында тор болды. Сол уақыт ішінде олар бір-біріне көзі үйренді, — дейді зообақ қызметкері.

Екі шимпанзені осылай баяу таныстырудың себебі сол, еркек маймыл табиғатынан агрессив келеді. Олар ұрғашыны ұрып өлтіруі мүмкін. Сондықтан олардың танысу, бір-біріне үйренісу процесі біраз уақытқа созылады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сөйте тұра, маймылдың еркегі өте қорқақ болады. Ұрғашыны ұрғаны да, оған ашуланғаны да сол қорыққаннан шығады.

Бір-біріне көзі үйренген соң, Пашаны Лоланың тұрағына жібердік. Керісінше Лоланы Пашаның тұрағына жіберсек, жағдай қиын болар еді. Өйткені Пашаның тұрағы — оның жеке шекарасы. Онда ол өзін қожайын деп біледі. Ал жануарлар табиғатынан өз жерін қорғайды. Бөтен қонақты жақтырмай, жерін қорғап, ұрғашыға зиян келтіру мүмкін, — дейді Шолпан Әбдібекова.

Оған қоса маймылдар жеріне келген бөтен жануарды өзіне бағындыру үшін түрлі агрессив әрекет жасайды. Тістеп, ұрып, қорқытуы мүмкін. Ал Паша өзгенің тұрағында болғаннан кейін, билікті, күшті сезбей, өзін байсалды ұстады. Оған қоса Лоланың жасы Пашаға қарағанда үлкен. Оларда «үлкенді сыйлау» деген ұғым бар. Бұл да Пашаның мінезінің тез басылуына әсер етті.

Дегенмен Паша ұрғашыны бағындыру үшін мінезін шамалы көрсеткен. Лола оның әрекеттерінен шыңғырып-та жіберген кезі болыпты. Шолпан Әбідбекова Лолаға жаны ашып, көз жасын бір сығып алатын кездер болыпты.

Бірте-бірте Паша мен Лола тіл табысып, жұп болды. Лола — өте қу әрі ақылды маймыл. Паша ашуланған кезде Лола оны басу үшін жанына барып құшақтап, басынан, бетінен сүйеді. Сосын арқасынан қағып, «тыныштал» деп ырымдап кетіп қалады. Ал Паша көнбестей ашуланса, Лола оған жақындамай, басқа тұраққа ауысады.

Шимпанзелерге тамақ беріп болған соң макака деген маймылдың тұрағына бардық. Бұларды «жапон макакалар» деп айтады. Зообақта туған макака адамдарды көріп өседі. Сондықтан ересек ұрғашылар зообаққа келген ер адамның түрін ұнатып қалуы мүмкін.

Жапон макакасы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Олар ұнатқанын ашық көрсетеді. Сол ер адамға барынша жақындап, айғайлап, өзіне назар аудартқысы келеді. Ер адам оған мән бермей кетіп қалса, жапон макаканың ұрғашылары одан сайын дауыс шығарып айғайлайды. Оларды тыныштандыру үшін, ұнатқан ер адамын тауып алып, макакаға қошемет сөздер айтуды сұраймыз, — дейді зообақ қызметкері.

Оларға ұнатқан адам «сен әдемісің, сен сүйкімдісің» деп айтса, олар қыз сияқты майысып, тынышталып, мәз болады.

Жапон макакасы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Макаканың қызығына бір күліп алып, лемурларды көруге жылжыдық. Зообаққа лемурлар 2018 жылы Польша мен Чехиядан әкелінген. Сосын қызметкерлер оларды жұп етіп, көбейткен. Лемурлар тұрақта адамдар сияқты отбасы болып тұрады.

Лемур.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Олар бананды жақсы көреді.

Лемур.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Лемурлардың торынан өтіп бара жатып Шолпан Әбдібековадан примат бөлімінде төтенше жағдай болған кез туралы сұрадық. 2021 жылы сондай бір жағдай болған екен. Сол күні келушілер қарасы көбейіп, шимпанзені қатты мазалап жіберген. Шимпанзе қатты ашуланып, төбедегі ағаштан жасалған торды бұзып, тұрақтан қашып кеткен. Әйтеуір, ешкімге қауіп төнбепті. Қызметкерлер шимпанзені алты минутта тұраққа қайта кіргізген.

Басқа елден әкелінген маймылдың атын өзгертпейміз. Олар сол атқа үйренген. Ал жаңа туған маймылға әкесі мен енесінің атына ұқсас есім беріледі. Мысалы, әкесі Жим, анасы Жил, ал баласы Жулия болуы мүмкін. Маймылдың төлдегенін кім бірінші көрсе, атты сол адам қояды деген дәстүр бар. Бірақ көбіне қызмкеткерлер бірнеше есімді ұсынып, зоосаябақтың әлеуметтік желісінде сауалнама жүргізеді. Қолданушылар бірнеше аттың біреуін таңдап, маймылға ат қояды, — дейді Шолпан Әбдібекова.

Қызметкер зообаққа келетіндердің қатесін де айта кетті. Мысалы, келушілер қытырлақ картоп, жүгері таяқшалары және тағы басқа маймылдарға жеуге болмайтын тамақтар лақтырады. Маймыл жаңа тамаққа қызығып, жеп қойып, ауырып қалуы мүмкін. Тіпті өліп кетуі де ғажап емес.

Келушілер, әсіресе балалар қоршаудан өтіп кетеді. Адамдар қоршаудан өтіп, маймылға жақындаса, маймыл оған қызығып, қолынан тартып, жұлып алуы мүмкін. Олардың күші көп, адамның эмоциясын біле бермейді. Мұны адамдар агрессия деп қабылдауы мүмкін.

Примат бөлімінен кейін жыртқыш аңдар бөліміне бардық. Зоотехник Ерасыл Жұматай арыстан, жолбарыс, қабылан сияқты жыртқыш аңдар туралы айтып берді. Бұл жануарларды төрт қызметкер күтіп-бағады.

Қабылан.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл бөлімде 72 бас жыртқыш аң бар, олар 23 түрге бөлінеді. Қызметкерлер зообаққа келе сала аңдардың жайын білу үшін тұрақтарды тексеріп шығады. Сағат 10.00-де тамақ таситын жұмысшылар еттің бір бөлігін әкеліп тастайды. Жыртқыш аңдар ет жейтіндіктен, тамағы салмақты болады. Қызметкерлер оны түгел көтере алмайтындықтан, бөліп-бөліп тасиды.

Жыртқыш аңдар күніне бір рет қоректенеді. Жексенбі күні тамақ берілмейді. Өйткені жыртқыш аңдар табиғатынан тамақты күнде жемейді.

Ет әуелі зоосаябақтағы бес арыстанға беріледі. Олар күніне бес келі ет жейді. Содан кейінгі кезек жолбарыста. Берілетін еттің мөлшері жолбарыстың жасына байланысты. Жасы үлкен жолбарыстар 12 келі, орта жастағылар 10 келі, ал кішкентайлары сегіз келі ет жейді, — деді Ерасыл Жұматай.

Ал түске таман қабылан, гиена, түлкі, гепард, пума сияқты жыртқыштарға тамақ беріледі. Сосын қызметкерлер тұрақтарды тазалап, аңдар шомылатын бассейнді жуады.

Біз Ерасыл Жұматайға ілесіп жолбарысатарға тамақ беруге бардық. Жолбарыстар еттің иісін сезіп, тұрақтың ішінде ары-бері жүріп, құйрығын бұлғаңдатты.

Ерасыл Жұматай.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ірі жыртқыш аңдарға ет тастайтын арнайы астау бар. Аңдар етті келушілерге көрінбейтін үйшіктің ішінде жейді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Ерасыл Жұматай.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ең бірінші тамақ жеген жолбарыс — Шерхан. Бұл жолбарыс өте айбарлы екен. Етті алдына тастағанша бізге ақырып, ырылдап, азуын көрсетіп, тіпті екі аяғымен торды тырнады.

Жолбарыс.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — Шерханның қорегін қорғағаны. Қорегін қорғау — жыртқышқа тән қасиет. Дегенмен басқа аңдар Шерханға қарағанда тынышырақ екен, әлгідей агрессия көрмедік.

Жолбарыс.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жыртқыштарға көбіне сиыр еті, кейде тауық еті беріледі. Олардың еттен басқа да қорегі бар, бірақ қызметкерлер оның не қорек екені құпия деп айтты.

Бір тұрақта ұрғашы мен еркек тұрады. Бірақ екеуі етті бөлек-бөлек жейді. Өйткені етке таласып, төбелесіп қалуы мүмкін.

Жолбарыстарға тамақ берген соң, қабыланның, гиенаның тұрағына бардық. Бұл қабыланның аты — Диана. Диана ешкімді жақтырмады. Жанына жақындатпады, бізді ұнатпады. Бізге көрсеткен агрессиясы Шерханнан да асып түсті.

Қабылан.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жыртқыш жыртқыштығын iстейдi. Дианаға қатты жақындаған кезде қабылан көзге қарап тұрып ақырып, шабуыл жасауға көшті. Мұндайда адамның өмірін тор ғана сақтап тұрғанын ескеру қажет, сондықтан аңды ашуландыруға болмайды.

Қабылан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жыртқыштардың мінезі ұқсайды. Бірақ бірі адамды мүлдем жақындатпаса, екіншісі аздап жақындауға «рұқсат етеді». Ондайлар адамдарға агрессия көрсетсе де, шектен шықпайды. Алайда қандай жыртқыш болса да, қорегін қорғап, оны ырылдап отырып жейді.

Гиена. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Келушілер көбіне жыртқыш аңдардың эмоциясын көру үшін тұраққа тас, бөтелке, пакет, түрлі  қоқыс лақтырады. Бұл — үлкен қате.

Жыртқыш аңдар тордың арғы жағында тұрған адамдар ештеңе істей алмаса да, олар бір-біріне әсер етеді. Мысалы, арыстан ақырғанда қабылан шошып, күйзеліске түсуі мүмкін. Сондықтан ірі жыртқыш аңдардың тұрақтары бір-бірінен қашық орналасқан, — дейді Ерасыл Жұматай.

Жыртқыш аңдар бөлімінен шығып, аквариум бөліміне бардық. Бөлім меңгерушісі Олжас Оразханұлы айтып берді. Мұнда 130-ға жуық балық түрі бар, ал олардың жалпы саны — 2 600. Балықтарды күніне екі рет тамақтандырады. Балық өмір сүретін үлкен аквариумды «бассейн» деп атайды. Қызметкерлер бассейнді күнде жуады. Бұл үшін лас судың 20%-ін төгеді. Бассейннің ішіндегі су тазалағыш сүзгіштің губкасын алып, оны жуып, қайта орнына қояды. Судың қалған 80%-ін осы сүзгіш тазалайды. Ал әйнекті щеткамен сықылайды. Аквариум бөлімінде тоғыз қызметкер жұмыс істейді.

Балықтардың ішіндегі ең ерекшесі — бөрібалық. Зообақта оның қара паку деген түрі бар. Олар алабалықпен, асшаянмен, кальмармен, арнайы жеммен қоректенеді.

Қара паку. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Балықтардың мінезі өте жұмсақ әрі байсалды. Бірақ олар күйзеліске тез түседі. Әсіресе балықтарға келушілер әйнекті тақылдатқан дыбысы қатты естіліп, кері әсер етеді. Өйткені олардың есту қабілеті жоғары. Балықтар күйзеліске түсіп, өліп қалуы да мүмкін, — дейді Олжас Оразханұлы.

Бұл — ішкі бөлме. Мұнда балықтарға қорек шашып, сақтап, көбейтеді. Мұнда бассейнге сыймаған балықтар сақталады. Төбелесіп, зақым алған балықтар емделеді, бұл үшін жарақатқа, ауруға қарсы дәрі суға шашылады. Төбелесіп, күйзеліске түскен балықтар тамақ жемей, бір бұрышта тығылып тұрады екен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Олжас Оразханович. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса балықтарды көбейту үшін арнайы туу бөлмесі бар екен. Қазір конго балығын көбейту процесі басталған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әуелі ұрықтану жасы келген балық түрінің 10-15 данасын бір аквариумға салып, әдеттегідей тамағын беріп, күтеді. Бір аптадан кейін аталығы мен аналығын бөліп алып, бір торға салады.

Аталығы шағылысып, аналығы уылдырық шашқан соң, яғни бір күннен кейін торды алып тасаймыз. Сосын уылдырықты өсіреміз. Уылдырық жыбырлай бастағанда, өзі жатқан судың 50%-імен бірге басқа аквариумға аустырамыз. Уылдырықтан балық шығып, ол өскен сайын, аквариумға сыймай басқасына ауысады. Бөліп алынған аталық пен аналық ұрықтануға дайын болмай, уылдырық шашпаған кездер де болады, — дейді Олжас Оразханұлы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осылай, уылдырық ересек балық болғанша алты аквариум ауыстырады. Ал бір айдан соң, бойы үш сантиметрге жеткенде зоосаябақтағы бассейнге ауыстырылады.

Балықтарды тамашалап біраз отырып қалдық. Оларға қарап отырып-ақ, көз демалады.

Зоосаябақтың барлық бөлімін аралап шыға алмадық. Өйткені аумағы үлкен әрі жануарлары да, құсы да көп. Қызметкерлер де жұмысын алаңдамай істеп, жануарларды күтіп-бағуы керек.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

***

Тағы оқыңыз:

«Ит адамды жақсы, жаман деп бөлмейді». Кинолог иттердің мінезі туралы айтып берді