Биылғы оқу жылында ел бойынша 1-4 класс оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны, сонымен қатар әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш класс оқушыларын тегін тамақтандырумен қамту жоспарланған, — делінген хабарламада.
Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңге, ең жоғары баға Алматыда – 800 теңге.
Былтыр 1-4 класс оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6% болды. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізіледі, — деді балалардың құқықтарын қорғау комитеті басқармасының басшысы Дана Мақтаева.