Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов 10 жылға сотталды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сотталушылар М. және С., ҚК 366, 368, 189-баптары бойынша кінәларын мойындамады және ақтауды сұрады. Е., өз кінәсін толық мойындады. Алқабилердің қатысуымен сот кесімі бойынша сотталушылар өздеріне тағылған қылмыстық әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылды. М.-ға қылмыстардың жиынтығы бойынша мүлкін тәркілеумен, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. C.-ға қылмыстардың жиынтығы бойынша мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды. Е.-ге мүлкін тәркілеумен, жеті жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметін атқару құқығынан айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар сот М.-ды мемлекеттік наградасынан және генерал-майор атағынан, ал С.-ны — полковник арнайы атағынан айыру туралы ұсыныс жасады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, былтыр 3 маусымда Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланған еді.
2022 жылғы 13 шілдеде ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Нұрлан Мәсімовті Ресеймен шекарада ұстады.