Генерал-майор Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды

Павлодар облысы полиция департаментінің экс-бастығы полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімов пара алды деген күдікке ілінді.

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Павлодар облысы полиция департаментінің экс-бастығы, полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімовке қатысты аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша). Осы факті бойынша оның іс-әрекеті сырттай сараланып, тергеу соты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасымен санкциялады, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды, іс бойынша оның орналасқан жерін анықтау бойынша қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары және істің мән-жайдың бәрін анықтауға бағытталған басқа да тергеу іс-әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Агенттік сонымен бірге тергеу нәтижелері бойынша тиісті іс жүргізу шешімі қабылданатынын және өзге ақпарат қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы бойынша жария етілмейтінін хабарлады.

Еске салайық, 2022 жылғы 17 қаңтарда Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылды.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз