Алматы облысының білім басқармасы биылғы оқу жылының өзгешелігі мен оған дайындық барысы туралы мәліметтерін жариялады.
Ең алдымен, 2023-2024 оқу жылында бірінші сыныпқа баратын балалар саны 1700-ге көбейіп, 38 700-ге жетеді деген болжам бар.
Басқарма мәліметінше, 2022-2023 оқу жылында облыста 37 015 бала мектеп табалдырығын аттаған. Осы күнге дейін 35 452 баланың ата-анасынан балаларын мектепке қабылдау туралы өтініш түскен. Бірінші сыныпқа қабылдау туралы өтінішті ата-аналар онлайн түрде egov.kz, gu.almobl.kz порталдары арқылы немесе мектепке өздері барып жүзбе-жүз тапсыра алады.
Бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың көпшілігі қазақ тілінде (28 604 бала немесе 80,7 пайыз) білім алмақ. 6335 бала орыс тілінде (17,9 пайыз), 513 бала ұйғыр тілінде (1,4 пайыз) оқуға ниет білдірген.
Биылғы оқу жылында облыс балалары үшін қуанышты жаңалықтар да бар. Атап айтсақ, биыл бастауыш сыныптарда оқиды деп болжанып отырған 143 мыңнан астам балаға толықтай жыл бойы тегін ыстық тамақ беріледі. Бұл мақсатта бюджеттен 4,3 млрд теңге қаража бөлініп отыр.
Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 1178 оқушының ата-анасына оқу-құралдары мен мектеп формасын алуға көмек ретінде 40 567 теңгеден аударылған. Тамыз айының ортасына дейін 50 127 баланың ата-анасына да осындай көлемде қаражат аударылмақ.
Облыстағы алғай ауылдардан, саяжайлардан қатынап оқитын оқушыларды тасымалдау мәселесі де шешімін тауып келеді. Атап айтсақ, биыл оқушыларды мектепке тасымалдауға 2 млрд 172 миллион теңгеге «Лизинг» бағдарламасы арқылы 36 автобус сатып алынған.
Облыста үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі де өзекті. 51 мектепте 87 362 оқушы, оның ішінде 15 378-і үш ауысымда оқиды. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу қолға алынып, былтырдан бері 15 750 оқушыға арналған 16 мектеп салына бастаған. 1 қыркүйекке дейін оның 9-ының құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашпақ. Бұдан бөлек, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 24900 оқушыға арналған 26 мектептің құрылысы басталды.
2022-2023 оқу жылында облыста 425 жалпы білім беретін мектепте 330 549 оқушы, оның ішінде 31 жекеменшік мектепте 9078 оқушы білім алды.