Басты бетЖаңалықтарҮшарал–Достық автожолының...

Үшарал–Достық автожолының 90 шақырымы биыл пайдалануға беріледі

Үшарал–Достық жол учаскесінің 90 шақырымы биыл пайдалануға беріледі. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Қазір құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр, жолдың барлық аумағы бойынша қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Үшарал–Достық бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың 184 шақырымын жаңғырту көзделген. Жобаның құны – 61,2 миллиард теңге. Бас мердігер – «АБК-Автодор НС» ЖШС, — делінген хабарламада.

Бұл ретте алғашқы 87 шақырым бойынша жол қозғалысы 2020-2022 жылдары ашылғанын айта кетейік. Бүгінде жұмыстар екі учаскеде жүргізіліп жатыр.

Қазір 90-120 шақырым аралығындағы учаскеде 31 шақырымның 30-ында жабынның төменгі қабатын төсеуге байланысты жұмыстар аяқталып, барлық құбыр орнатылды. Қазір жолшы мамандар жолға мастикалық-қиыршық тасты асфальтбетонды төсеп жатыр. Бұдан бөлек Ырғайты өзені арқылы өтетін көпірге арқалықтар қойылып жатыр. Бүгінге дейін 50 арқалықтың 46 данасы орнатылды, — делінген хабарламада.

Мердігердің айтуынша, 90-180 шақырым аралығындағы учаскені биыл желтоқсанда пайдалануға беріледі.