Астанада су құбырының екінші желісін салу жұмыстары жүріп жатыр

Үкімет үйінде Астананы дамыту жөнінде кеңес өтті. Бұл туралы министрліктер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала басшысы Жеңіс Қасымбек 3-ЖЭО-ның бірінші кезегінің және жалпы қуаты 1 130 Гкал болатын екі газ жылу станциясының құрылысы туралы айтып берді.

Жеңіс Қасымбек Астананы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын, 2030 жылға дейінгі қайта жаңарту бағдарламасын және көгалдандырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады.

Қала басшысының айтуынша, елордада сумен жабдықтау бойынша ұзындығы 44 шақырым су құбырының екінші желісін салу жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар әкім Нұра жерасты суларынан жүретін арнайы құрылыстар кешенін, Тельман сорғы станциясын кеңейтуді, Қ. Сәтпаев каналынан жүретін жаңа су құбырының жобаларын және төртінші сорғы-сүзгі станциясын пысықтау жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Жоспарлардың орындалуы 2035 жылға дейін қажет қорды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда қалада су тапшылығы жоқ, — делінген хабарламада.