Астанада қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша «Sincere Systems» ЖШС басшылығына қатысты сот үкімі шығарылды.
Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылы ашылған ЖШС криптовалюта биржаларымен ынтымақтасатын компанияның атын жамылып, азаматтардан қаражат жинап келген. Салымшылардың санын көбейту үшін ойдан шығарылған жобаларға инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылған.
Клиентті инвестицияның қауіпсіз екендігіне сендіру үшін ID беру арқылы клиенттің жеке кабинеті тіркелген, салымға тең виртуалды қаражатпен толықтыру мүмкіндігі бар веб-сайт құрған. Азаматтардан жиналған қаражат көлемі 215 миллион теңге болды, — дейді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Сот үкімі бойынша «Sincere Systems» ЖШС басшысы алты жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған бес жылға инвестициялық қызметпен айналысуға тыйым салынды.