Алматыдағы Ақкент тұрғын үй кешеніндегі алапат өрт оқиғасы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы Алматы қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Ерлан Әлібеков айтты.
Өрт фактісі бойынша қалалық прокуратура ведомствоаралық тергеу жедел тобын құрды, оның құрамына анықтаушылар кірді. Ақкент ықшамауданындағы көпқабатты үйдегі өрт фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды — өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және адам өлімі фактісі. Өрт-техникалық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта жедел тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деді спикер.
Ерлан Әлібековтің айтуынша, марқұм әйел құтқарушыларды бірер секунд күткенде аман қалуға болар еді.
Еске салайық, 1 тамызда Алматыда Ақкент ықшамауданында көпқабатты үйлердің бірі өртенді. 300 адам эвакуацияланып, 70 адам құтқарылды.
Сағат 18.46-да өрт сөндірілді.
Көпқабаттағы үйдегі өрттен зардап шеккен бір әйел қаза болды.