Түркиядағы жол апаты: екі қазақстандық туриске ота жасалды

Түркияның Алания аумағында болған жол апатынан екі қазақстандық жарақат алды, оларға ота жасалды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі хабарлады.

30 шілде күні таңертең Аланияда Қазақстанның 12 азаматы мінген шағын автобус жол-көлік оқиғасына ұшырады. Түрік полициясынан алынған алдын-ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатып жүк көлігін соққан. Соқтығысу салдарынан зардап шеккендер бар, олар шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді, — делінген хабарламада.

Жол апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың жағдайын білу үшін қазақстандық консул дереу Аланияға аттанып, ондағы медицина мекемелерінде ем алып жатқан отандастармен кездесті.

Микроавтобуста болған 12 қазақстандықтың екеуі ауырлығы орташа жарақат алған. Оларға ота жасалып, барлық қажет медициналық көмек көрсетіледі. Қалған 10 отандастың, оның ішінде төрт баланың жағдайы қанағаттанарлық, өміріне еш қауіп жоқ. Барлығының медициналық сақтандыруы бар. Анталиядағы қазақстандық дипломаттар біздің азаматтармен тұрақты байланыста және тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр, — дейді сыртқы істер министрлігі.

Еске салайық, жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, қазақстандық туристерді тасымалдаған микроавтобус Аланиядағы Okurcalar Mahallesi D-400 трассасында жүк көлігіне соқтығысқан. Салдарынан көлік жүргізуші мен гид (Украина азматы) оқиға орнында қаза болды. Апат орнына полиция мен медицина бригадалары дереу жіберілген. Көлікте болған 12 туристің алтауы ауыр жарақатпен жергілікті ауруханаларға жеткізілді.