Серік Тәшенов Павлодарда тұрады, жұбайы мен төрт жасар ұлы бар. Пандемияға дейін ол мемлекеттік қызметке мансап қуып келеді, бірақ кейін қысқартуға тап болыпты. Содан соң алдында екі таңдау тұрды – осы салада қалып, әрі қарай жұмыс істеу немесе жаңа дүниені байқап көру.
Серік Beeline-дағы даму мүмкіндігін естіп, тәуекелге бел буған. Басында ол колл-орталықта істеді, бірақ жарты жылдың ішінде роботизацияны меңгеріп, әзірлеу бөліміне ауысқан. Кейін ол хакатонға қатысып, мүгедектігі бар балалардың отбасыларына арналған чат-бот әзірлеп, блогты дамытып, басқа да дүниелермен айналысты. Серік бізге өміріндегі өзгерістер мен жетістігін айтып берді.
«Ештеңеге қарамай, тек алға басу керек» деген мақсат қойдым
2020 жылға дейін мемлекеттік қызмет істеп, инфрақұрылым мәселелерімен айналыстым. Мансабым өрге басты, бірақ басшылық штатты өзгерту туралы шешім қабылдады. Маған басқа лауазымды ұсынды, бірақ ол жұмыс ұнамайтын — сол баяғы үйреншікті нәрселер. Осы кезде алға қадам басып, жаңа салада мансап бастау керек екенін түсіндім. Бір күні әпкем Beeline компаниясында дамуға болатынын айтты: компания қызметкерлерді қайта оқытады екен, көп күш салсаң, аз уақыт ішінде өзіңді шыңдап, білімің қандай екеніне қарамастан, мамандығыңды ауыстыра аласың.
Басында колл-орталықта оператор болып істедім. Өзгермелі жұмыс кестесі қиын болса да, өзіме «ештеңеге қарамай, тек алға басу керек» деген мақсат қойдым. Төрт айдан кейін компания ішінде марафон басталып, қызметкерлерге әзірлеуші немесе RPA сарапшысы (процестердің роботизациясы) саласын үйреніп алуға мүмкіндік туды. Таңертең бізге оқуға қажет материалдар мен робот әзірлеуге қатысты тапсырмаларды жіберіп отырды, оларды дәл сол күні өткізу керек еді.
Жоғары ұпай алу үшін бәрін таңғы сағат 8-ге дейін тапсыруға тырысатынмын, ал бұл өз кезегінде роботизация бөлімінің кадрлық резервіне түсуге жақсы мүмкіндік болатын. Таңертең және кешке әзірлеу жұмыстарымен айналысатынмын, көп жағдайда ол колл-орталықтағы жұмысыммен қатар келетін. Қиын болды. Осы кезде жұбайым екеуіміз ұлымыздың аутизмі туралы білдік. Бар қаражатты оның денсаулығына жұмсай бастадық. Мен колл-орталықта қала алмайтынымды түсіндім, өйткені жұмыс көп уақыт алады, бірақ отбасыма қажет кіріс деңгейін қамтамасыз ете алмайды.
Ұлымыздың жағдайы бетбұрыс жасатты. Жеке өмірімізде де, мансапта да жақсы өзгерістерге жол ашылды. Осының арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізгім келетінін түсіндім.
Бар күшімді салып, марафонды да, өзгермелі жұмыс кестесін де алып жүрдім. Бұл армандаған IT саласында жұмыс табудың жалғыз мүмкіндігі еді және мен оны жіберіп алған жоқпын. Екі айдан кейін мені роботизация бөліміне шақырды. Командамызбен бірге күнделікті процестерді автоматтандыратын бағдарлама роботтарын жасап шығардық. Біздің жұмысымыздың арқасында әріптестеріміз көп уақыт алатын бірсарынды міндеттеріне алаңдамай, одан да маңызды әрі қызық тапсырмаларын орындап, артық жұмыс істемейтін болды. Мысалы, күн сайын тендер іздеп, сәйкес келетін хабарламаларды әріптестерімізге жіберетін тендерші роботты жасап шығардық.
Бөлімге келгенде мені мына нәрсе таңғалдырды: басшым күн сайын есеп сұрамайды, әр қадамымды бағып отырмайды, тіпті қашықтан жұмыс істеуге болады. Басшымыздан басқа тағы 20 адам бар: кейбіреулері Шымкенттен, Талдықорғаннан, Семейден істейді, ал бір әріптесім Түркияда тұрады.
Осындай жұмыс форматы мен кестенің арқасында ұлыма көп уақыт бөле бастадым. Маған компанияның корпоративтік мәдениеті де ұнайды: бәрі ашық, адал әрі бюрократия жоқ. Жұмысымызды жауапкершілікпен атқарамыз, алға қойған мақсат пен тапсырмаларды орындаймыз, ал қайдан, қанша жұмыс істейтінің маңызды емес. Бастысы – нәтиже. Әріптестерім беретін мотивация да нәтижеге тікелей әсер етеді. Оларға сұрақ қойып, ақыл сұрап, олардың қалай дамып жатқанын көріп, үлгі аламын.
Beeline-да істеп жүріп корпоративтік өмірге белсенді атсалысып, таланттарымды шыңдай бастадым. Басқа жұмыс орындарында бұлай болмаған. Кейінгі керемет шаралардың бірі – Digithon 2022 – адамдардың өмірін жақсартатын IT шешімдер ұсынатын корпоративтік хакатон. Мұнда әртүрлі бөлімде істейтін әріптестер топ болып бірігіп, әртүрлі мәселенің шешімін ойластырады. Мысалы, биыл біз мүгедектігі бар адамдарға арналған IT өнімдерін жасадық.
Командамызбен бірге мұқтаж жандар мен ерекше балалары бар отбасыларға арналған Telegram-боттың прототипін әзірледік. Идея мынада жатыр: отбасы азық-түлік пен дәрі-дермек сұрайды, ал қолданушылар қажет заттарды өз ақшасына сатып алып, мұқтаж жандарға жеткізіп бере алады.
Мұндай адамдар мен қиын жағдайға тап болған отбасылар бар қаражатын балаларына жұмсайды, сол себепті басқа қажет заттарға ақша жетпей жататынын жақсы білемін. Барыңды балаға берген дұрыс сияқты, бірақ салдарынан мұқтаждық жаныңды жейді. Кейін ерлі-зайыпты арасында жанжал шығуы мүмкін. Осы проблеманы шешу үшін көмектескім келді, әріптестерім де мені қолдады. Біз конкурсты жеңе алмадық, бірақ компания қалаған әр командаға жобаны пилот форматта дамыту үшін қаражат бөлді. Біз пилотты аяқтап, көп тәжірибе жинадық.
Әртүрлі іс-шараға белсенді қатысып, батыл, сенімді, табанды бола түскенімді байқаймын
Бұрын тұйық едім, бірақ кейін жайлы зонадан шығу керек екенін түсіндім: осылай ғана мансапта жетістікке жетуге болады. Роботизация саласындағы әзірлеуші болып жұмыс істеумен қатар, бизнес сарапшы ретінде де даму жолында жүрмін. Кейінгі кезде әріптестерімді оқытып, сынақ мерзіміндегілерді қадағалағанды ұнататынымды байқаймын. Бір кездері тіпті ағартушылық видеоларымды жариялап, YouTube-арна жүргізгенмін. Қазір маман ретінде даму үшін әлеуметтік желілерді қолдану маңызды, сондықтан Instagram мен Telegram менің көмекшіме айналды.
Блог жүргізсең, компания да көмегін аямайды екен. Бізде «Beeline амбассадорлары» деген бағдарлама бар: компания немесе өз жұмысың туралы әлеуметтік желілерде айтсаң, сертификат сияқты сыйлықтарға ие боласың. Бұл азғантай мотивация беруі мүмкін, бірақ қаншама пайда мен мүмкіндік әкеледі десеңізші! Мәтінмен жұмыс істеуді, мобилография мен видеографияны үйретеді.
Жалпы айналаңдағы адамдар саған қатты әсер ететін байқадым. Мысалы, менің басшым Александр Нуреев марафоннан кейін маған сеніп, жұмысқа алды (ал білімім бойынша мен тіпті металлургпын). Соның арқасында адамның әлеуетіне сену маңызды екенін түсіндім. Шын жүректен қалап тұрған кез келген адамды оқытып, жұмысқа баулуға болады. Мен сияқты марафонға қатысып, кейін бөлімге келген әріптесім Әсел Эрген әрдайым маған көмектесіп, тәлімгерім ретінде жол көрсетіп, бизнес сараптама саласындағы білімін бөлісіп отырады. Дусанов Сафархан деген әріптесім әзірлеуші ретінде жұмысқа тұрғанымда қолдап, білгенін үйретіп, робот әзірлеудегі лайфхактарын айтты.
Осы кісілер және басқа да әріптестерімнің арқасында батыл бола түсіп, коммуникация дағдыларын дамытып, процестерді жолға қойдым. Оларды сараптап, IT саласында жұмыс істеп, бағдарламалау бойынша машығымды да дамыттым. Әірлеуші ретінде жұмыс істеуді ғана үйреніп қоймай, бизнес сарапшы ретінде де бой көрсетіп жүрмін. Қазір тек белсенді жұмыс істеумен шектелмей, отбасыма да біраз уақыт бөлемін. Көп ата-ана тек балаларының қамын ойлап, жұмыста тез шаршап қалып жатады.
Бәрі тек балаға келіп тірелмеуі керек екенін білемін. Белсенді өмірлік ұстанымың мен қызығатын басқа да нәрселерің болғанда ғана өзіңді дамыта аласың, ал мұның арқасында өзіңе және отбасыңа көмектесе аласың.
Жаңа жұмысым тәуекелге бел буу мен жаңа дүниелерді жасап көрудің қаншалық маңызды екенін көрсеткені мені таңғалдырады. Үш жыл бұрын мен жалғыз мүмкіндікті жіберіп алмай, осы шешімімнің арқасында қорқынышымды жеңіп, өзіңді дамыту үшін төккен терім мың есе ақталатынын түсіндім. Енді мен өз дегеніңе, өз арманыңа жету үшін ақымақ болып көрінуден немесе басқаларға беймаза болып көрінуден қорықпау керек екеніне сенімдімін.