Еліміздегі ең ірі IT компанияның бірі Bugin Holding тек мектеп оқушыларына ғана емес, балабақша бүлдіршіндері үшін де жаңа жобаны бастады.
Бұл туралы компания басшысы Айбек Қуатбай Facebook-парақшасында жазды.
Ordagen-ге дейінгі тағы бір этапты қосу стратегиялық жоспарымызда бар еді. «Сабақты ине сәтімен» демекші, ойға алған жоспарымыз орындалып келе жатыр. Бұл — балабақша. Еліміздің болашағы жастар деп жатамыз. Олар бүгінде — бүлдіршін. Оларға берілетін тәрбиенің, білімнің, құндылықтардың сапасы келешекте ең маңызды рөлдерді атқарады, — деді Айбек Қуатбай.
Оның жазуынша, Bugin Holding компаниясы BabyBoom Education балабақшалар желісінің 43% үлескері атанған.
Сонымен қатар Bugin Holding директоры алдағы жоспарларын да бөлісті.
Ендігі жасалатын жұмыстар екі бірдей жобаның біріге алға басуына мүмкіндік сыйлайды: мектепке дейінгі ұйымдарды басқарудың кешенді LMS жүйесі жасалады; Ordagen-нің кітаптары мен ойындары оқу үдерісіне енеді. Bugin Holding және BabyBoom Education арасындағы ынтымақтастықтың басты мақсаты: заманауи ата-аналардың қажетіне жауап беретін жаңартылған, бірегей өнімді жасау. BabyBoom Education жақын арада ребрендиңге ие болмақ. Компания атауы Ordagen Kids болып өзгереді. Бұл балабақшалар желісіне заманауи IT-технологиялар арқылы оқытуға көбірек көңіл бөлуге, этникалық өзіндік сананы қалыптастыруға, сонымен қатар қазақ тілді ортаға енуге мүмкіндік береді, — дейді холдинг басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін компания мектеп жасына дейінгі балаларға арналған өнімдерді жақсарту үшін «МаМа» жобасының да үлесін алған.