Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған ірі өрт кезінде табандылық танытқан қызметкерлерді төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапаттады.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы медальмен келесі азаматтар марапатталды:
- «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мемлекеттік инспекторы Советов Қанат Талғатұлы;
- «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Батпаев орман шаруашылығының өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Дюсеханов Едил Кайратович;
- «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бегенев филиалының трактористі Мухамеджанов Мұрат Жолдасбайұлы.
Сонымен қатар іс-шара кезінде жоғары кәсіби қабілеті және су шаруашылығын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін министрліктің және ведомстволық бағынысты ұйымдардың үздік мамандары «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен және министрліктің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.
9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.
11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.
14 маусымда мемлекет басшысының жарлығымен «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері «Құрмет» орденімен марапатталды. Облыста сағат 21.00-де ормандағы өрт оқшуаланды.