Биылғы ҰБТ-да ереже бұзған 312 талапкер аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Бұл туралы ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.
ҰБТ өткізу кезінде 402 талапкер смартфон, шпаргалка және де басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды. Кейбір тест тапсырушылардан жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды, — деді Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол биыл да ҰБТ кезінде «бір компьютер – екі камера – бір тестіленуші» қағидаты сақталғанын айтып өтті.
Тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы камера да орнатылған. Фронталды камераның ең басты негізгі мақсаты – жеке тұлғаны сәйкестендіру. Осы қолданылған шаралардың арқасында бөгде адамдардың кіруін болдырмау мүмкіндігіне ие болдық. Биыл ҰБТ-да бірде-бір бөгде тұлға анықталған жоқ, — деді орталық директоры.
Руслан Емелбаев барлық бейнежазбаға 2023 жылғы 31 қазанға дейін талдау жасалатынын айтты. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, білім грантын иеленген талапкер грантынан айырылады.