Басты бетЖаңалықтарЕлбасы Өзбекстан...

Елбасы Өзбекстан басшысына: «Мен сізді бауыр ретінде қарсы алам»

Екіжақты кездесуде сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен жаңа тарихта болмаған дәрежеде ірі сомада іскерлік келісімдерге қол қойылғалы отырғанын айтты.

«Мен сізді Қазақстан жерінде шын жүректен, бауыр ретінде қарсы алам. Біз сізді күткен едік. Бұл – сіздің президент ретіндегі алғашқы сапарыңыз. Сізді өзбек халқы президент сайлауына байланысты құттықтаймыз. Өзбекстан бізге стратегиялық әріптес, көрші әрі бауырлас ел. Біздің халқымыз сіздерге даму және береке тілейді. Болашақта да экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту ісінде біз Өзбекстанға және жеке өзіңізге сенім артамыз. Сапарыңыз табысты болуы үшін барлығын жасаймыз», — деді Елбасы Шавкат Мирзиеевке.

ҚР Президенті екіжақты келіссөздер кезінде 75 келісімге қол қойылғалы отырғанын айтты.

«Келіссөздерді кеше бастап кеттік. Шекараны көліктерге, сауда-саттыққа ашудың арқасында екі ел арасында сауда тез өсті. Өнімдердің жаңа түрлерін жеткізе бастадық. Ірі бизнес-форум өтіп жатыр. Оған екі елден 500 кәсіпкер қатысуда. Маған айтуларына қарағанда, құны миллиард долларлық 75 келісім-шартқа қол қойылғалы отыр. Бұл жаңа тарихымызда алғаш рет болғалы отырған жетістік» деді Қазақстан басшысы.

ДереккөзEgemen.kz