IT-маман Әбу Андабеков командасымен бірге Rent Hub деген жаңа қолданба әзірледі. Бұл — пәтер жалдаушылар мен жалға берушілерге арналған өнім. Басты ерекшелігі — бағаны жалға алушылар қояды. Жоба қазір стартап деңгейінде тұр. Қолданба өткен аптада App Store-ға жүктелді, жақында Play Market-ке де қосылады. Baribar.kz тілшісі Әбумен кездесіп, халыққа жаңа қолданбаның несі пайдалы болатынын сұрады.
Қолданба қандай мәселені шешеді?
Әбу Андабеков қолданбаны жасауға Қазақстанның пәтер жалдау нарығындағы проблемалар себеп болғанын айтады. Қолданба авторлары бұл мәселелерді шешу үшін InDrive такси жалдау сервисінің аналогін жасап шығарғысы келген.
Rent – жалдау, hub – аумақ деген сөз. Бұл қолданба жалдамалы пәтер табуға ең ыңғайлы аумақ болғанын қалаймыз. Қолданба — InDrive қолданбасының пәтер жалдау нарығындағы аналогі, яғни тура сол принцип бойынша жұмыс істейді. Қазір нарықты монополист компаниялар жаулап алған. Ол компаниялардың қолданбасы да пәтер іздеуге қолайсыз. Не керек екенін жазған соң, лентаға мыңдаған пәтер шығады. Оның алғашқы екі-үш бетін қарап керек те емес. Себебі алғашқы беттерде, әдетте, жарнама үшін артық ақша төлеген жалға берушілердің ұсыныстары тұрады. Оларға хабарлассаң, ешкім телефон көтермейді. Көтерсе де, пәтерді басқа біреулер алып қойғанын айтады. Төртінші беттен әрі хабарлассаң, хабарламаның көбі фейк болып шығады. Суреті басқа, барғанда көрсеткен пәтер мүлдем басқа, — дейді Әбу.
Қолданба авторы Rent Hub бірден үш мәселені шешетінін айтады. Әбу ең әуелі пәтер нарығындағы бағаға ықпал етуді мақсат ететінін айтты.
Бірінші мәселе — лентадан мыңдаған пәтерді қарап, ішінен шынымен жақсы пәтер табуға өте көп уақыт кетеді. Екінші мәселе — хабарлама мен пәтердің сәйкес болмайтыны. Осыны шешкіміз келеді. Үшінші және негізгі мәселе — пәтер бағасы. Қазір нарықты басқарып отырған жалғыз компания бар, пәтер бағасын бекітіп отырған да — сол компания. Адамдар ойына келген бағаны қоя салады, ал клиент алмасыздан келіседі. Ең басты мақсатымыз сол, нарыққа, бағаның төмендеуіне сәл де болса әсер еткіміз келеді, — дейді ол.
Қолданба туралы идея қалай пайда болды?
Идея авторы — команда мүшесі Данияр Бегалинов. Ол өзі де жалға пәтер береді. Әбу досы Даниярдың идеясын бірден қолдаған.
Данияр идеясын айтқанда, бірден келістім. Ол қаржы жағына, ал мен өнімді шығару жағына жауапты болдым. Кейін бір ай бойы бағдарлама әзірлейтін маман іздеп, Ғалижан Толыбаев деген жігіт командамызға қосылды. Екеуі Астанада, мен Алматыдамын. Бәріміз кезінде пәтер таппай қиналғанбыз. Даниярдың айтуынша, жалға берушілер де монополист сайттардан клиент таппай қиналады екен. Себебі пәтерді жалға беру жүйесі өзгеріп кеткен. Қазір делдалдар WhatsApp-та арнайы чат ашып, кіру құнын 10 мың теңге деп бекітеді екен. Чатта кілең делдалдар отырады. Олар тура біздің қолданба жүйесі бойынша жұмысы істейді. «Астана. 2-3 шілдеге бір бөлмелі пәтер керек. Сомасы — 10 000 теңге» деп жазады. Сосын чаттағы пәтер қожайындары делдалға өз нұсқаларын жібереді. Делдал оны клиентке жібереді. Оның үстіне әр аудан бойынша бөлек чат бар. Әрқайсына жеке-жеке 10 мың теңге төлеуің керек. Мұның өзі — жалға берушілер арасында сұраныс бар екенінің дәлелі. Біз жай ғана осы чатты автомоттандырғымыз келді, -дейді Әбу.
Қолданба қалай істейді?
Қолданба қазір App Store-ға жүктелген. Жақында Play Market-ке де қосылады. Әбу қолданбаның қалай істейтінін түсіндіріп берді.
Қолданба жасағанда барынша қарапайым болғанын қаладық. Тіркелу де небәрі екі минут алады. Жалға беруші немесе жалға алушы ретінде тіркелесіз. Жалға алушы болсаңыз, қай қаладан қандай пәтер керек екенін таңдайсыз. Қолданбаға Қазақстанның барлық қаласы енгізілді. Қаланы таңдаған соң, пәтер қай күндерге керек екенін және төлей алатын сомаңызды жазасыз. Мысалы, бір күнге бір бөлмелі пәтер керек делік. Ұсынатын ақыңыз — 10 000 теңге. Осы деректерді енгізген соң, «Ok» батырмасын басасыз. Бірнеше секундта өтінішіңіз барлық жалға берушіге хабарлама болып барады. Ол келіссе, ұсынысыңызға жауап береді немесе бағасын келісуге болатынын айтып, өзі басқа сома ұсынуы мүмкін. Саудаласып отырып, екі жақ 11 000 теңгеге келісуі мүмкін дегендей, — дейді ол.
Жалға алушы ұсына алатын шекті баға қалай анықталды?
Әбу әзірге шекті баға бекітілмеген дейді. Ол алғашқы қолданушылар ұсынған бағалар бойынша анализ жасап, орташа бағаны шығаратынын айтты.
Кейінірек жалға берушілер ұсынған баға мен екі жақ келіскен бағаны анализдеп, шекті бағаны бекітеміз. Әрине, қазір нарықтағы монополист компанияның архивтік деректерін сатып алуға немесе сонда жарияланған хабарландыру бағасына қарап, өзіміз-ақ орта баға шығарсақ болар еді. Бірақ біз ол компанияларды үлгі етіп алғымыз келмейді. Бағаны түсіруге әсер еткіміз келетіндіктен, халық қандай баға ұсынары қызық, — дейді ол.
Жалға берушіге не пайда?
Әбу қолданба пәтер жалдайтын адамға да, жалға беретін кәсіпкерлерге де пайдалы болатынын айтады. Бірақ олар алғашқы айларда тек тәулікке жалға беру бойынша өтініштерді қарастыруды жоспарлап отыр.
Мұндай жағдайда қолданба жалға беруші үшін де өте пайдалы. Себебі ол адамға пәтерінің 30 тәулік жалға берілгені маңызды. Бірақ бұл өте қиын. Өзіміз іздеп-сұраған едік, тәулігіне берілетін пәтерлер айдың тек 15 күні жалға беріліп, қалған 15 күнінде бос тұратынын білдік. Осындайда жалға берушіге біреу пәтер бағасын сәл түсірсе, жалдайтынын айтып ұсыныс айтса, ол, әрине, келіседі. Себебі кәсіпкер ретінде оған пәтерінің мүлдем бос болмағаны жақсы, — дейді ол.
Қолданба тегін жүктеле ме?
Автордың айтуынша, қолданба тегін жүктеледі. Бірақ қолданушылардың басқа да қалауына қарай, арнайы тарифтер қосылуы мүмкін.
Қолданба жалға алушы үшін де, жалға берушілер үшін де тегін. Бірақ үш-төрт, 10 пәтері бар жалға берушілер әр қосымша жарияланым үшін қосымша тіркелетін арнайы тарифтер қосуды жоспарлап отырмыз. Әзірге mvp (минимал құнды өнім — ред.) ретінде шығарып, қолданушылардың пікірін білгіміз келіп отыр. Өнімді App Store-ға өткен аптада шықты, енді екі-үш айда қолданба қанша рет жүктелетініне қараймыз. Қолданушылардың қызыққанына, сұранысына қарай, жаңа функцияларды да қоса береміз, — дейді Әбу.
Қауіпсіздік мәселесі: алаяқтардан қорғалған ба?
Қолданба авторы алғашқы екі-үш айда қауіпсіздік бойынша мәселе туындамайды дейді. Алдағы уақытта ол командасымен бірге қолданбаға алаяқтардың тіркелуін бұғаттайтын функция қосатынын айтты.
Болашақта қолданбаға «Тексерілген» деген арнайы статус қосқымыз келеді. Ол үшін фототексеру, видеотексеру мен құжаттарын толық тіркеуді талап ететіндей етіп шығармыз. Бұған қоса алаяқтық фактілері болмас үшін, төлем жүйесі қолданба арқылы жасалатындай етеміз. Жалға алатын адам алдын ала төлемді аударып қойып, мекенжай бойынша барғанда пәтер басқа немесе тіпті жоқ болып шықса, оперторлар тексеріп, ақшаны қайтарып беретін болады. Кейін ол жалға беруші қолданбаға тіркеле алмайды. Әзірге, айтқанымдай, жоба стартап деңгейінде тұр. Сондықтан оны тек базалық функционалмен шығарамыз, — дейді ол.
Қолданба монополистер нарығына төтеп бере ала ма?
Әбу Rent Hub қолданушылардың көңілінен шығады деп ойлайды. Ол алғашқы айларда қолданушы саны көп болса, нарыққа тұрақтап қалу да оңай болады дейді.
Өнім ұзақ өмір сүруі үшін оның қолданушысы көп болуы керек, өсімі де тоқтамауы керек. Әзірге қолданушыларымыз көп болады деген болжамымыз бар. Бірақ мұны да өзіміз жасаған сауалнамаға сүйеніп айтып отырмыз. Сауалнаманы Астанадағы пәтер қожайындары мен делдалдар отыратын чатта жасаған едік. Қолданба жасауға кіріспес бұрын жалға берушілер мен пәтер жалдап тұратындарға да хабарласып, осындай қолданба болса, жүктеп ала ма еді, керек пе деп сұрап көрдік. Бәрі оң жауап берді. Расында, елімізде пәтер тым қымбат. Сонымен қатар бағаларды салыстыратын қосымша платформа да жоқ, — дейді Әбу.
Әбу осы қолданба арқылы пәтер нарығындағы мәселелерді шешумен қатар, халыққа таңдау мүмкіндігін ұсынамыз дейді. Сондықтан ол қолданбаны жүктеп, қолданатындар көп болатынына үмітті.
***
Тағы оқыңыз: